Маңғыстаулық дәрігерлер Бейнеу ауданына медициналық көмек көрсетуге аттанды
АҚТАУ. KAZINFORM – Бейнеу ауданына Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігерлері медициниалық көмек көрсетуге арнайы барды.

Олар су тасқыны салдарынан эвакуацияланған Атырау облысының тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсетеді.

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, дәрігерлер қатарында трамвтолог, терапевт, эндокринолог, уролог, хирург мамандары бар. Су тасқынынан зардап шеккендер невропатолог, реаниматолог және психологтың көмегіне жүгіне алады.
Аудандағы жағдай туралы Бейнеу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Берік Абдуллаевтың айтуынша, медициналық мекеме 140 төсек-орынға есептелген. Бірақ жағдайға байланысты олардың саны 300 бірлікке дейін көбейтілмек.
"Жағдайға байланысты қосымша төсек-орын қарастырылған және Боранқұл ауылдық ауруханасында да 30 төсек-орын бар. Олардың саны 100 төсекке дейін артатын болады. Бейнеу аудандық ауруханасының штат саны 122 адамды құраса, Боранқұл ауылында - 8 адамды құрайды", - деді Берік Абдуллаев.
Сондай-ақ, дәрігер екі аурухана да дәрі-дәрмектің қажетті көлемімен қамтамасыз етілгенін, медициналық препараттардың тапшылығы байқалмайтынын айтты.
Осыған дейін Маңғыстауда Атырау облысындағы су тасқынынан кейін жедел желі қосылды.
Сондай-ақ, Су басқан Құлсарыдағы ауруханадан 77 науқасты Маңғыстау облысына апаратыны мәлім болды.