Маңғыстаулық сарбаздың анасының шағымына қатысты қылмыстық іс қозғалды

АҚТАУ. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігіне қарасты Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы басқармасы маңғыстаулық әскери қызметшінің анасының мәлімдемесіне жауап берді.

полиция, дело
Фото: ҚР ІІМ

Сарбаздың анасы ұлының әскери бөлімде әлімжеттікке ұшырағанын, соның салдарынан психиатриялық клиникаға жатқызылғанына шағымданған болатын.

Ведомствоның мәліметінше, әскери қызметшінің анасының видеоүндеуі бойынша Ішкі істер министрлігінің Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Сондай-ақ, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасының офицерлерінен жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеріс тағайындалды.

Құрлық әскерлері ананың әскери қызметшінің үстінен физикалық және сексуалдық зорлық-зомбылық жасалды деген мәлімдемелерін тексергенін атап өтті.

— Куәгерлердің түсініктемелері бойынша, әскери қызметшіге қатысты физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылық көрсетілгенін дәлелдейтін деректер анықталған жоқ. Оған қатысты соққыға жығу немесе сексуалдық сипаттағы зорлық фактілерін растайтын адамдар табылған жоқ. Бақылау камераларының барлығы тергеу органдарының қызметкерлері тарапынан қаралып шықты, әскери тәртіп бұзушылықтар немесе құқықбұзушылық фактілері тіркелген жоқ, — делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, Құрлық әскерлері әскери қызметшінің өзі берген түсініктемелерінің бірнеше рет өзгергенін, ал ол келтірген уәждердің бір-біріне қайшы келіп, түрлі нұсқалар ұсынғанын айтты.

Бұған дейін, Маңғыстауда өзіне жарақат салған сарбаз психикалық денсаулық орталығына жатқызылғаны туралы жазған болатынбыз.

Содан соң, Қарулы Күштер маңғыстаулық сарбазға қатысты түсініктеме берді.

Соңғы жаңалықтар