Маңғыстау облысының әкімі Лондондағы Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке көлік кілтін табыс етті
АҚТАУ.15 тамыз. ҚазАқпарат - Олимпиададан күміс жүлдемен оралған Әділбек Ниязымбетовті Ақтауда ыстық ықыласпен қарсы алды.
14 тамыз күні кешке әуежайда оны мыңға жуық адам қарсы алды. Ер балалар одан қолтаңба алса, бойжеткендер чемпионмен бірге фотосуретке түсуге асықты.
Бүгін таңертең Маңғыстау облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Сергей Пахомовпен бірге Әділбекті, оның ата-анасын және жаттықтырушысы Марат Жәкиевті Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджанов қабылдады.
Аймақ басшысы чемпионды жеңісімен құттықтап, қысқа әңгімеден кейін жаңа «Тойота-Камри» көлігінің кілтін табыс етті. Ақ шетелдік көліктің артында қызыл әріптермен жазылған спортшының есімі, шетінде - «чемпион» жазуы бар.