Маралдыдағы алтын кенішінің даулы мәселесі заң шеңберінде ғана шешілуі тиіс - әкім

Былтыр Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының халқы алтын өндіруші компанияның жұмысына наразылық білдіріп, экологияның бұзылып жатқандығына шағымданған. Ал ауылдың бір топ белсендісі керісінше, сол компанияны қолдап, заңсыз алтын қазушылардың бар екендігін айтып, Президентке хат жазған еді.
Таяуда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Маралды алтын кеніші туралы бірнеше сұраққа жауап берген.
Осы мәселеге орай бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов ресми мәлімдеме жасады.
«Маралды ауылында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі құрамында алтын бар кенді өңдейтін алтын өндіру фабрикасының құрылысына қарсылық білдіруде. Жобаның бастамашысы - «ВСАМ Продакшн» ЖШС.Ауыл тұрғындары фабрика жұмысы, оның ішінде жарылыс жұмыстары, мал жайылымына зиян келтіріп, аймақтың экологиясына кері әсерін тигізеді деп алаңдауда. Фабрикаға және оның жұмысына қатысты кез келген шешім, қатаң түрде заң шеңберінде қабылданады деп сеніммен айтамын. Мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне бірнеше рет хат жолдадым. Онда жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты бақылау жүргізу, экологиялық келісімнің негізділігіне және қазіргі уақытта сот рәсімдері жүріп жатқан жер учаскелерін берудің заңдылығына тексеру жүргізу қажеттігіне ерекше назар аудардым», - дейді ол.
Қазіргі уақытта облыс әкімінің орынбасары және жауапты мамандар тобы аталған министрліктерде жұмыс жүргізіп жатыр.
«Алтын өндіру фабрикасының қызметінде қоршаған ортаға, адам денсаулығына, қауіпсіз технологияларды пайдалану, оның ішінде натрий цианидін қолдану, оны ауыстыру мүмкіндігін қарастыру және Маралды ауылы маңындағы карьерді қолданысқа енгізу әсерін бағалау үшін тәуелсіз экологиялық сараптама жүргізілуі тиіс. Осы мақсатта Л. Гумилев атындағы университет ғалымдары тартылды. Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінен кейін тиісті қорытындылар жасалады. Осылайша, тұрғындардың барлық даулы және алаңдайтын сұрақтарына жауап алынады. Алдағы бүкіл іс-қимыл тек заң аясында жүзеге асырылады», - дейді Даниал Ахметов.