Маралды тұрғындары Президентке үндеу жолдады: Заңсыз алтын қазушыларды жүгендеу керек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының халқы заңсыз алтын қазушыларға наразылық білдіріп, Президентке хат жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан орталығынан 90 шақырымдай жерде орналасқан Маралды ауылында алтын кен орны бар. Сол жерлерде табысқа кенелу үшін заңсыз алтын қазатындарға жергілікті жұрт наразы. Олар өз арыздарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады.

«Біз Маралды ауылының тұрғындары, ауылдық округіміздің аумағында заңды негізде жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкер мен заңсыз жолмен алтын қазумен айналысатын қылмыскерлердің мүдделері текетіреске түскен қазіргі жағдайдың құрбаны болып отырмыз. Себебі алтын кен орны дәл біздің ауылда орналасқан. Бұрын мұнда алтын өндірумен тек заңды белден басқандар ғана айналысатыны ешкімге де жасырын емес еді. Ал ауданымыз бұрын-соңды дамыған аудандардың қатарынан көрінген емес, ауыл тұрғындарына жұмыс жетіспей келді. Алайда мұнда бізді жақсы мүмкіндіктермен қамтамасыз ете алатын алтын өндіруші компания келе салысымен оның қызметіне жергілікті қылмыскерлер қарсылық көрсетті.

Алтын өндіруші компания барлық тиісті процедураларды орындап, заңды түрде жұмыс істей бастады. Бірқатар қоғамдық тыңдау өткізіліп, сонда тараптардың міндеттемелері, қоршаған ортаға зиян келтірмеу жөніндегі басқа да кепілдіктер анық көрсетілді. Заңға сәйкес, алтын өндіретін фабрика салу үшін жер таңдалды. Бір сөзбен айтқанда, заңның барлық талаптары сақталды», - делінген хатта.

Маралдылықтардың сөзінше, көрсетілген жұмыс жоспары бойынша компания фабрика құрылысы кезінде 220, ал пайдалану кезінде 110 жұмыс орнын ашуға міндеттенді. 2027 жылға дейін келісімшарт талаптары бойынша бюджетке төленетін міндетті төлемдер 144 миллион теңгені құрауы тиіс деп бекітілді.

«Сонымен қатар компания біздің ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция құюға міндеттенді. Осылайша, қарапайым ауыл тұрғындарының өмірі күрт өзгеріп, әрбір отбасы лайықты тұрақты табысқа кенелер еді. Компания ауылда 3 ұңғыма бұрғылап үлгерді. 2022-2029 жылдары аралығында Күршім ауданының жұртшылығына 438 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсету жоспарлануда. Кәсіпкерлер қазірдің өзінде жергілікті жолдарды ретке келтірумен айналысып, өңірдегі қайырымдылық шараларға белсене қатысуда. Бірақ фабриканың салынуы заңсыз алтын қазушыларға қажет емес. Олар табыстарынан айырылып қалмас үшін компанияның заңды жұмысына қарсылық танытуда», - деп жазылған хатта.

Хат соңында ауыл тұрғындары Прзеиденттен осы мәселені шешуге көмектесуді сұрайды.


Соңғы жаңалықтар