Марат Бекетаев ісі: тергеу аяқталған, Антикор материалдармен танысып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-Әділет министрі Марат Бекетаев және басқа айып тағылған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. 

марат бекетаев
Фото: primeminister.kz

«Аталған қылмыстық іске қатысты тергеп-тексеру амалдары аяқталды. Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес аталған іске қатысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп қысқа қайырды ведомствоның ресми өкілі Данияр Бигайдаров агенттік тілшісінің сауалына.

Агенттік өкілі экс-министрге қатысты қылмыстық іспен танысу процесі қашан аяқталатынын және істі сотқа жіберу мерзімін нақты атамады.

Айта кетсек, жақында Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтан экс-министр Марат Бекетаев пен «Болашақ» бас директорының ісін не байланыстыратынын сұрады.

Еске сала кетейік, бұрынғы Әділет министрі былтыр қазанда лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған еді.

Антикордың мәліметінше, ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қолдаған. Экс-шенеунікті қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет биыл 21 мамырда 2024 жылғы 21 маусымға дейін қамау санкцияланды.

Биыл 12 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевқа қатысты тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар