Марат Бекетаевтың ісі: Әділет министрлігінің екі қызметкері куәгер ретінде шақыртылды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бұрынғы министр Марат Бекетаевтың ісіне қатысты ведомстводан екі адам куәгер ретінде жауап бергенін айтты.

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер экс-министр М.Бекетаевтың ісін қарау аясында Әділет министрлігінен кімдер жауап беруге шақыртылғанын сұрады.
Е. Сәрсембаев бұл іс соттың қарауында екенін еске салды.
- Министрліктің екі қызметкері куәгер ретінде шақыртылғанын білемін. Атап айтқанда, дәл қазір Әділет министрлігінде қызмет етіп жүрген адамдардың ешқайсысы осы істе күдікті ретінде жауап беріп жатқан жоқ, - деп нақтылады Ерлан Сәрсембаев.
Еске сала кетейік, бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев 2023 жылы қазанда лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды.
Антикордың мәліметінше, ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қолдаған.
Экс-шенеунікті қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
Биыл наурыз айында бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ісі сотқа түскені мәлім болды.