Марко Поло, Мұхаммед Әли Джинна: елордада бірнеше көшеге шетелдік тұлғалардың есімі беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бірнеше атаусыз көшеге шетелдік тұлғалар мен қала атауын беру туралы ұсыныс жасалды. Толығырақ Астана қаласының тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп айтып берді.
— Астанада бірнеше көшеге шетелдің екі тұлғасының және бір қала атауын беру туралы ұсыныспен келіп отырмын. Бұл ұсыныстар Қазақстанның өзге мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасты жақсартуға негізделіп пысықталған. Бірінші ұсыныс Нұра ауданында орналасқан көшеге София атауын беру, айта кету керек бүгінде Болгарияның елордасында «Астана» атауы берілген көше бар. Келесі тағы да Нұра ауданындағы көшеге Пәкістанның саяси қайраткері Мұхаммед Әли Джиннаның есімін беруді ұсынып отырмыз. Ол мұсылман саяси қайраткер ретінде ауқымды жұмыспен айналысқан, заманауи Пәкістан мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі, — Сәкен Есіркеп мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.
Оның айтуынша, өз кезегінде Пәкістан елі астанасы Исламабадта ұлы Абайдың атына көше беруді жоспарлап отыр.
— Үшінші ұсыныс Италия мемлекетіне байланысты Тұран даңғылынан басталып, Қабанбай батыр даңғылы аралығында «Астана-Арена» спорт кешені мен «Алау» мұз айдыны ортасында орналасқан атаусыз көшеге Макро Полоның есімін беруді ұсынамыз. Марко Полоны бәріңіз жақсы білесіз ХІІІ-XIV ғасырда өмір сүрген атақты көпес, жиһанкез, саяхатшы. Артына көптеген дерек қалдырған, оның ішінде біздің тарихымызға да қатысты мәліметтер бар, — деп түйіндеді басқарма басшысы.
Қалалық мәслихат депутаттары аталған ұсыныстарды бір ауыздан қолдады, енді ұсыныс Үкімет жанындағы ономастикалық комиссия отырысында қаралады.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ұлттық құрылтайда атаусыз көшелерді реттеуді тапсырды.
Айта кетейік, осы жазда елорда көшелерінің біріне армиян әліпбиінің негізін қалаған Месроп Маштоцтың есімі берілетіні туралы жазған едік.