Марқұм Айдос Шаймерденнің денесі 70 метр тереңдіктен қазып алынған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Майқайыңалтын кенішіндегі ойықтан қазып алынған үшінші құтқарушының мүрдесі 70 метр тереңдіктен табылған. Қазіргі уақытта марқұмның денесіне құқық қорғау органдары сараптама жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарланды.

Майқайыңалтын
Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

«2024 жылғы 19 шілдеде «Майқайыңалтын» АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 метр тереңдікте бір құтқарушының денесі табылды. Ол 4 қаңтарда «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-нің өзге үш құтқарушысымен бірге автобус ішінде келе жатып, жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлаған. Бұдан бұрын 2 құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған. Сканерлеу және автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін сканері бар «Алтыналмас» АҚ мамандары тартылды. Сканерлеу нәтижелері бойынша автобустың 12 метр тереңдікте орналасқандығы анықталды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары келді, олар «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-мен бірлесіп денені жер бетіне көтеріп, жедел-тергеу тобына тапсырды. Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін ТЖД психологы да келді», - деп мәлімдеді министрліктен. 

Еске сала кетейік, табылған мүрде марқұм Айдос Шаймердендікі екенін туыстары растағаны туралы жазғанбыз.