Марокко - Қазақстанның Солтүстік Африкадағы маңызды әріптестерінің бірі
Сөз арасында спикер Қабиболла Жақыпов Марокко Қазақстанның Солтүстік Африкадағы маңызды әріптестерінің бірі екенін атап өтті. «Сондықтан біз Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, Экономикалық Ынтымақтастық ұйымы сияқты басқа да кеңестік-жиналыстық тетіктер мен аймақтық институттар аясында бірлескен күшімізді одан әрі үйлестіруді толықтай қолдаймыз», - деді Мәжіліс Төрағасы. Бұл ретте Қабиболла Жақыпов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саясатының басым бағыттарының бірі - ұлтаралық келісім, бейбітшілік және толеранттылық ұстанымдарының маңыздылығы мен өзектілігіне баса назар аударды.
Өз кезегінде Мұхаммад Аш-Шейх Биядилла Марокко Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында қол жеткізген Қазақстан табыстарын жақсы білетінін және жоғары бағалайтынын, Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясы айрықша қызығушылық тудыратынын атап өтті.
Жүздесу барысында тараптар сондай-ақ, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық мәселелеріне де көңіл бөлді.
Мәжіліс Спикері көрменің «Болашақ энергиясы» атты тақырыбының өзі энергия жетіспеушілігі мен экологиялық қауіптің ғаламдық мәселелерін шешуге ықпал ететініне назар аудартып, «ЭКСПО-2017» энергетика саласындағы жаңа жетістіктерді паш етудің зор мүмкіндігіне айналатынын сеніммен жеткізді. «Бұл көрмеге марокколық әріптестеріміздің де белсене қатысатыны сөзсіз. Бізді Марокко Парламентінің «жасыл экономика» қағидатына көшуді заңнамалық қамтамасыз ету жолында атқарып жатқан жұмыстары қызықтырады», - деді.
Сонымен қатар, Қабиболла Жақыпов пен Мұхаммад Аш-Шейх Биядилла парламентаралық ықпалдастық жағдайын сөз ете келіп, бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы тұрақты іс-қимыл екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететіндігін жеткізді.