Мароккодағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 41 адамға жетті

АСТАНА.KAZINFORM — Мароккода жексенбі күні нөсер жаңбыр салдарынан болған су тасқынынан 41 адам қаза тапты. Бұл туралы дүйсенбі күні жергілікті билік өкілдері хабарлады, деп Синьхуа жазды.

Мароккодағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 41 адамға жетті
Фото: Azertag

Атлант мұхиты жағалауындағы Сафи провинциясында қаза тапқандар саны 37 адамға дейін артқан, тағы 14 адам түрлі жарақатпен ауруханаларда ем қабылдап жатыр.

Ал елдің оңтүстігіндегі Тингир провинциясында төрт адам көз жұмды. Жергілікті Hibapress басылымының мәліметінше, олардың мінген көлігін қатты ағын су алып кеткен.

Хабарламада айтылғандай, Сафи қаласындағы су тасқыны шамамен бір сағатқа созылған күшті нөсер мен найзағайдан кейін болған. Қалада ондаған тұрғын үй мен дүкенді су басып, көптеген көліктер аударылып, ағын сумен шайылып кеткен. Сонымен қатар жолдар зақымдалып, көлік қозғалысында жаппай іркілістер тіркелді.

Марокко билігі алдағы күндері жауын-шашын одан әрі күшеюі мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты дүйсенбі күні төрт провинцияда мектептер жабылып, төтенше жағдайға жедел әрекет ету бойынша ауқымды шаралар басталды.

Бұған дейін Мароккодағы су тасқыны 37 адамның өмірін қиғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар