Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Маса мәселесі ушығып тұр: Атырауда 2 мыңнан аса шағым тіркелген

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда масаға қарсы жүргізіліп жатқан дезинсекциялық жұмысқа қатысты тұрғындардың шағымы көбейді. Жыл басынан бері «109» бірыңғай байланыс орталығына екі мыңнан астам өтініш түсіп, өңірде улау жұмысының сапасы қайта талқыланды.

Маса
Фото: freepik

Шағымдардың басым бөлігі Еркінқала ауылдық округі, сондай-ақ Өркен, Жұмыскер, Жұлдыз және Нұрсая ықшамауданының тұрғындарынан түскен. Облыс әкімдігінде өткен кеңесте осы мәселе қаралып, мердігер ұйым — «AG Disinfection Services» ЖШС атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Компания директоры Нұрлыбек Ахмедияровтың мәліметінше, дезинсекция масаның көбеюіне қолайлы ашық су айдындарында, оның ішінде «Сасық сай» аумағында жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа ұшқышсыз басқарылатын аппараттар тартылған. Бүгінге дейін әуе арқылы 30 рет өңдеу жүргізіліп, әр рейсте 30 литрден арнайы препарат шашылған. Сонымен қатар «Ерік Мостовой» арнасын өңдеуге төрт арнайы техника жұмылдырылған. Күн сайын кешкі уақытта көшелер мен қоғамдық орындарды өңдеуге он арнайы автокөлік шығару жоспарланып отыр.

Биыл Атырау қаласында дезинсекциялық жұмыстарға 101 миллион теңге бөлінген. Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, жоспарлы жұмыстың шамамен 40 пайызы орындалған. Улау кезінде «Агран», «Мистраль», «Фаскон», «Сольфак» және «Циперметрин» препараттары қолданылып жатыр. Мердігер ұйым олардың адамдар мен үй жануарлары үшін қауіпсіз екенін мәлімдеді. Дезинсекция күн сайын сағат 21:00–ден таңғы 06:00–ге дейін жүргізіледі.

Дегенмен тұрғындардың шағымының көп болуы бұл жұмыстардың нәтижесіне қатысты сұрақтардың сақталып отырғанын көрсетті. Осыған байланысты кеңесте дезинсекцияның сапасы мен ұйымдастырылуына ерекше назар аударылды.

— Жауапты мекемелерге су айдындарына жақын орналасқан аумақтарды толық қамтып, жұмысты күшейту тапсырылды. Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мердігер ұйым қызметінің талаптарға сәйкестігін тексеретін болды. Тексеру барысында лицензиялардың болуы, арнайы техниканың жеткіліктілігі, ерітінділерді дайындау технологиясы мен қолданылатын препараттардың мөлшері сараланады, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, дезинсекция жұмыстарының нақты кестесін бекітіп, оның орындалуын қатаң бақылау, қажет болған жағдайда қосымша мердігер ұйымдарды тарту және жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы тұрғындарды алдын ала хабардар ету міндеті қойылды.

Айта кетейік, бұған дейін атыраулықтар маусым айында биыл масаға қарсы күреске 172 млн теңгеден астам қаржы бөлінгеніне қарамастан, жүргізіліп жатқан дезинсекция нәтижесіне көңілі толмайтынын айтқан еді.