Масат ата жерасты мешіті — тарих пен аңыз тоғысқан киелі мекен

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау өңірі — тарихи-мәдени ескерткіштерге аса бай аймақтардың бірі. Солардың ішінде ең ежелгі, киелі орын — Масат ата қорымы мен жерасты мешіті. 

а
Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы

Бұл бірегей кешен Маңғыстау ауданына қарасты Ұштаған ауылынан шамамен 20 шақырым оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан.

Масат ата ескерткіші алғаш рет 1979 жылы ҚазКСР Мәдениет министрлігі экспедициясымен сәулетші М. Нұрқабаевтың жетекшілік етуімен зерттелген. 1982 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысымен мемлекеттік қорғауға алынды. Бүгінде республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қорымдағы объектілерге 2005, 2006 жылдары «Маңғыстауреставрация» мекемесінің мамандарымен ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді.

а
Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы

Қорымда ерекше түрдегі кіші пішінді сәулет ескерткіштері және күмбезтамдар бар. Бұл ескерткіштер — негізінен ортағасырлық оғыз-қыпшақ дәуіріне жататын қойтастар, тас қоршаулар, тас белгілер. Қорымның солтүстік-шығысында қазақтардың 18-19-ғасырлар аралығын қамтитын ескерткіштері сақталған. Мұнда қойтастардың алуан түрлі пішіндері көп кездеседі, қорымнан барлығы 525 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған болса, соның ішінде 300-ге жуығын осы қойтастар құрайды.

а
Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы

Қорымның оңтүстік-батысында Масат ата жерасты мешіті орналасқан. Мешіт өзге ескерткіштерге қарағанда өте жақсы сақталған, табиғаттың кері әсері байқалмайды. Өте тығыз құмтастан ойылып, ішкі аумағы төрт қанат киіз үй үлгісінде жасалған. Жоғарғы жағындағы дөңгелек ойықтан ішке жарық түседі. Оның сыртқы беті қаланған тастармен көмкерілген. Көрнекті археолог Александр Бернштамның айтуы бойынша мұндай күмбезді құрылыстар салу Азия даласын мекендеген атты көшпелілерге тән қасиет. Қазақтардың киіз үйіндегі жоғарыдан жарық түсіретін шаңырақ осының дәлме-дәл көшірмесі сияқты. Мешіттің оңтүстік бөлігінде ішке кіруге арналған есік орнатылған. Ішкі бетінде есіктен сәл солға таман Мекке бағытында михраб ойылған. Сыртқы жағында 3-4 м батысқа таман диаметрі 2,5 метр болатын қазылған шұңқырдың орны сақталған.

Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы
Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы

Масат ата туралы халық арасында әлі күнге дейін шындыққа бергісіз аңыз-әңгімелер көп айтылады. Қалмаққа қарсы қанды жорықтар жасаған ерлердің арасында айрықша аталып, дәріптелетін тұлғалардың бірі Масат ата болған. 

Масат ата Маңғыстауға Хорасаннан Мешхед қаласынан келген. Түбек жерінде ислам дінінің орнығуына атсалысқан белгілі тұлға, елін жаудан қорғаған батыр болыпты. Қарудың ешбір түрі дарымайтын, қасиетті адам болған. Жаулары оны өлтірудің сан алуан әдісін жасап көреді. Бірақ еш нәтиже шығара алмайды. Содан ең соңғы тәсіл жас әйелі арқылы батырдың ерекше қасиетінің сырын білуге кіріседі. Ата таң намазына тұрғанда, өз денесінің жүйе-жүйесі босап, отырған орны мен төңірегі бастапқы күйін өзгертіп, бей-жай күйге түседі екен. Намаз кезінде батырдың да бойы жұмсарып, әлсізденеді, ол төңіректе құм мен тас та ериді екен. Міне осындай сәтте жау да келіп, Масат атаның басын шапқан. Шабылған бас жаюлы жайнамазға түседі, Масат ата басын жайнамазға ораған күйде үйден шыға жүгірген, содан үй қасындағы құлыны бар сауын бие де артынан ерген екен. Атаның да, құлынмен биенің іздері де, атаның мойнынан тамшылағын қанның ізі де жолдың құбыла тұсындағы көк тасқа айна-қатесіз түсіп қалған. Масат ата пырақ болып ұшып кетіпті. Сонымен атаның зираты жоқ, бірақ өлкедегі ең ескі ежелгі киелі орын осылай аталады.

Бұған дейін, Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні туралы жазған болатынбыз.