Мәселе мұнайдың сарқылуында емес, өндірісті азайтудың салдары болады – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Тәуелсіз сарапшы, Energy analytics каналының авторы Абзал Нарымбетов мұнай өндірісінің көлеміне қатысты статитиска бойынша пікір білдірді.

Мәселе мұнайдың сарқылуында емес: өндірісті азайтудың салдары бар – сарапшы
Фото: Солтан Жексебеков/Kazinform

- Тәуелсіздік алғалы бері жылына 20 млн тонна мұнай шығарсақ, қазір 90 млн тоннаға жетті. Енді бір-екі жылда 100 млн тоннаға жеткізу жоспарда бар. 30 жылда мұнай өндіруді бес есе көбейтуге шама жетті, алаңдататын сұрақ келешекте қалай болады? Ал 2030 жылдан бастап мұнай өндіруді 100 млн-нан төмендету жоспары бар, оған себеп жаңа кен орындарына инвестиция құйылмай жатыр, жаңа кен орындары ашылмай жатыр. Мұнай - шектеулі ресурс, оның қоры белгілі уақытта бітеді. Біз 30 млрд баррель мұнай бар дейміз, ол шамамен 4 млрд тонна мұнай, бұл - 2007 жылдан бері өзгермеген статистика, - дейді Абзал Нарымбетов.

Сарапшы келтірген статистикаға сүйенсек, 2007 жылдан бері еліміз 10 млрд баррель мұнай өндірді. 

- Бәлкім, бізде 30 млрд баррель мұнай жоқ. Енді 20 млрд баррель мұнай қалды, біз жылына 700 млн баррель мұнай шығарамыз. Есептейтін болсақ, 15-20 жылға жететін мұнай қалды. Мәселе, мұнайдың сарқылуында емес, мұнай өндіру азайса, бюджетке аз табыс әкеледі, біз мұнай өндіру көлемін әрқашан көтеріп отырған елміз. Егер мұнай өндіруді тоқтатсақ, ол кезде экономика қиындыққа ұшырайды, - деп толықтырды спикер. 

Еске сала кетсек, 2024 жылдың аяғында Қазақстан ОПЕК+ аясындағы артық өндірісті өтеу мерзімін ұзартқаны хабарлады. Энергетика министрлігі аталған шешімнің елдің мұнай өндіру нарығына қалай әсер ететініне түсінік берді.

Соңғы жаңалықтар