ОПЕК+ соңғы шешімі Қазақстанның мұнай өндіру жоспарын өзгерте ме – министрлік жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың аяғында Қазақстан ОПЕК+ аясындағы артық өндірісті өтеу мерзімін ұзартқаны хабарланған. Энергетика министрлігіндегілер Kazinform тілшісіне бұл шешім елдің мұнай өндіру нарығына қалай әсер ететінін айтты.

ОПЕК
Коллаж: Canva

- 2025 жылға республика бойынша мұнай өндіру болжамы 96,2 млн тонна деп белгіленген. ОПЕК+ елдерінің 2024 жылдың желтоқсанындағы кездесуінде келісімге мүше, міндеттемеден артық мұнай өндірген елдердің бәріне артық өндірілген көлемді өтеу кезеңі 2026 жылға дейін ұзартылды. Министрлік қазіргі таңда мұнай өндіру болжамын қайта қараған жоқ, - деп жазылған министрлік жауабында.

Ресми мәліметте 2025 жылғы 96,2 млн тонна мұнай өндіру туралы болжамның орындалуына түрлі фактор әсер ететіні айтылған.

- Дей тұрғанмен, мұнай өндіру көлеміне кен орындарындағы жоспардан тыс кідірістер, техникалық ақаулар, табиғи апаттар, ауа райының жағдайы, электр қуатын жабдықтау кезіндегі авариялар, «Теңіз» және басқа да кен орындарындағы болашаққа бағдарланған жобалардың қаншалықты табысты іске асатыны әсер етуі мүмкін. Қазақстан үшін экономиканың өсіміне зиян келтірмейтін көлемде мұнай өндіру болжамы қолайлы лимит болып есептеледі, - деп жазылған жауапта.

Күні кеше ОПЕК таратқан хабарламада Ресей мен Сауд Арабиясы тең төрағалық ететін ОПЕК+ альянсының Министрлік мониторинг комитеті қазіргі мұнай өндіру саясатын өзгертпеу туралы шешім қабылдағаны айтылған болатын.

Кездесуге қатысушылар мәміленің ағымдағы параметрлеріне толық сәйкестікке қол жеткізудің, сондай-ақ мұнай өндіруді қосымша ерікті түрде қысқарту кезеңінде бірқатар елде артық өндіру үшін өтемақы кестелерін орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар