Машина жасау саласындағы өнімдердің экспорты екі есеге ұлғайды
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл сектор дамып келе жатқанымен, елімізде маман жетіспейді. Бұл жөнінде «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Махамбет Мендіғалиев Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында мәлімдеді.
— Соңғы бес жылда экспорт көлемі екі есе өсті, 1,3 млрд теңгеден 3,1 млрд теңгеге артты. Әсіресе, теміржол кластері қарқынды өркендеп келеді. Сондай-ақ өндірістік және энергетикалық құрылғылар шет мемлекеттерге сатылып жатыр. Машина жасаудың осы бағыттарында сұраныс жоғары, — деді ол.

Әйтсе де, Махамбет Меңдіғалиевтың айтуынша, кадр тапшылығы өзекті мәселе болып отыр.
— Бізде жұмысшы мамандар тапшы. Металл жонушы, темір ұстасы, жөндеуші, инженер, механик тәрізді кадрлер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін Сенат және Мәжіліспен, мемлекеттік органдармен, оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бірқатар ілкі жоба қолға алынды, — деді ол.
Айта кетейік бұған дейін машина жасау саласында өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеден асқанын жазғанбыз.