Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Машинаны әкеме беремін - Олимпиада жүлдегері А.Таңатаров

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - XXX Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров сыйға берілген «Mitsubisi Pajero» автокөлігін өз әкесіне бермек.

Машинаны әкеме беремін - Олимпиада жүлдегері А.Таңатаров

Оны А.Таңатаровқа Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев Олимпиада жүлдегерін марапаттау рәсімінде табыс еткен болатын. «Мен ол машинені мінбеймін. Әкеме беремін. Әлі есімде, Бейжің Олимпиадасына баратын жолдаманы ала алмаған кезде қатты қиналдым. «Күресті қоятын шығармын?» деген ой да болды. Сонда әкем айтқан, 2012 жылы болатын тағы бір Олимпиаданы көр. Иншалла, соған қатыса аласың, деп. Міне, әкемнің айтқаны келді. Лондон Олимпиадасына барып, қола жүлдені жеңіп қайттым. Әкем айтады: «Енді, күресті қойсаң болады!». Мен болсам, тағы бір Олимпиаданы көрем бе, деп отырмын», - дейді А.Таңатаров.

Бүгінгі таңда спортшының екі баласы бар. Біріншісі - ұл, екіншісі - қыз. «ҚазАқпарат» тілшісінің «Ұлыңызды қай спортқа бересіз?» деген сұрағына А.Таңатаров: «Оны уақыт көрсетеді. Әзірше, ұлым спортшы болады деп айта алмаймын. Ол өскесін, өз жолын өзі таңдайды», - деп жауап берді.