Масылдық пен алаяқтық: әлеуметтік кеселден қалай арыламыз
АСТАНА. KAZINFORM – 15 жыл бойы бақылаусыз қалған әлеуметтік жүйе кей мұқтаж жанды тасада қалдырып, алаяқтық пен масылдықтың тамыр жаюына жол ашты. Бұл қауіпті үрдіс қайдан шықты және қоғамға қандай зиян тигізіп отыр? Kazinform тілшісі мәселені жан-жақты талдады.
Масылдық көзқарас қайдан шықты?
Әлеуметтік қолдау уақытша көмек болудан қалып, тұрақты табыс көзіне айналған сәтте өзінің бастапқы мәнін жоғалтады. Мұндай жағдайда жүйе осал азаматтарды қорғау құралы емес, керісінше, мемлекетке тәуелділікті қалыптастыратын тетікке айналуы мүмкін. Бұл – жекелеген елге ғана тән құбылыс емес. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, XX ғасырдың өзінде-ақ дамыған мемлекеттер осы тығырыққа тіреліп, әлеуметтік саясаттың философиясын қайта қарауға мәжбүр болған еді.
Осы өзгерісті алғашқылардың бірі болып бастан өткерген – Ұлыбритания. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мұнда «әл-ауқат мемлекеті» моделі қалыптасты. Алайда 1980 жылдарға қарай жәрдемақыға тәуелді азаматтардың саны экономиканың даму қарқынынан асып түсті. Бұл жағдай қолдауды түбегейлі қайта қарауға итермелеген болатын. Нәтижесінде жәрдемақы шартсыз құқық емес, азаматтың белсенділігіне тікелей байланысты беріле бастады.
Ал 2010 жылдары енгізілген Universal Credit реформасы бірнеше төлемді бір жүйеге біріктіріп, негізгі қағиданы бекітті: азамат жұмыс іздеп, оқып немесе қайта даярлықтан өткен жағдайда ғана қаржылай көмек алады.

Ұқсас ұстаным Германияда да іске асты. 2000 жылдардың басында қабылданған Hartz I–IV реформасы ұзақ мерзімді әлеуметтік масылдықтан бас тартуға әкелді. Жәрдемақы алу шарты еңбек нарығына қайта оралуға міндеттеді. Осы мақсатта Jobcenter орталығы құрылып, әрбір жұмыссыз азаматқа жеке жоспар жасалды. Оның нәтижесінде елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеді.
Әлеуметтік көмекті уақытпен және шартпен шектеу тәжірибесінен АҚШ та қалыс қалмады. 1996 жылы енгізілген TANF реформасы жәрдемақыны өмір бойына емес, ең көбі бес жылға дейін төлеуді көздеді. Сонымен қатар көмек тек жұмыс істеу, оқу немесе қоғамдық қызметке қатысу шартымен берілді. Бірнеше жыл ішінде жәрдемақы алушылар саны үш есе қысқарды.
Қазақстан бүгінде әлеуметтік саясатты жаңғырту кезеңінде. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, елде түйткілдер бар. Оның түп-төркіні әлеуметтік саясаттың ішкі институционалдық әлсіз тұстарында жатыр.

– Қолдауға шын мұқтаж адамдардың бары сөзсіз, бірақ бақылау төмендеген тұста әлеуметтік төлемдер еңбекке ынталандырушы емес, керісінше тұрақты табыс көзі ретінде қабылданады. Масылдықтың да қауіпті құбылысы – жұмыс істемей-ақ табыс табуға болады деген түсініктің қалыптасуында. Бізде мұндай жайттар кездеседі. Ол – тұтас қоғамдағы еңбек мәдениетіне әсер ететін дүние. Ал әлеуметтік алаяқтық масылдықтың белсенді формасы. Яғни табысын жасыру, жалған мәртебе алу, формальді талаптарды айналып өту деген сияқты. Мұндай жағдайда мемлекет әлеуметтік көмектен бас тартуды емес, оны әділетті, уақытша және шартты етуге мән беруі қажет, – дейді сарапшы.
Экономистің айтуынша, әлемдік тәжірибеде бұл бағытта ортақ қағида қалыптасқан. Біріншіден, әлеуметтік көмек міндетті түрде белсенді әрекетпен байланысты болуы тиіс. Екіншіден, жәрдемақы – сыйлық емес, азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілікке негізделген келісім. Үшіншіден, мемлекет адамның әлеуетіне инвестиция салу керек. Басымдық оқыту, цифрлық дағдыларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдауға қойылуы тиіс.
Жеңілдіктер елдің қажетіне жұмсалуы қажет
Әлемдік тәжірибе әлеуметтік масылдықтың салдарын ерте кезеңде мойындауға мәжбүр етсе, Қазақстанда аталған мәселе соңғы жылдары ашық айтыла бастады. Ұзақ уақыт бойы қордаланған қайшылық енді саяси деңгейде күн тәртібіне шықты. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында әлеуметтік саясаттағы түйткілдерді айналып өтпей, жеңілдіктерді біріздендіру қажетін жасырмаған еді.
Президент әлеуметтік жеңілдіктің бақылаусыз көбеюі мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкеліп отырғанын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуы «көмек қолын» кәсіпке айналдырған делдалдардың көбеюіне жол ашқан.
– Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді. Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлеуметтік саясаттағы мұндай шешімдер тек қаржыға емес, қоғамның демографиялық және отбасылық құрылымына да әсер еткенін атап өтті. Әсіресе «толық емес отбасы» ұғымын енгізудің салдарына жеке тоқталды.

– Ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді, – деді Президент.
Қолдау мен бақылау арасындағы нәзік шекара
Мұнда назар аударарлық тұс бар. Масылдықпен күрес жаппай қатаңдатуға ұласпауы тиіс. Өйткені әлеуметтік саясаттағы кез келген қате шешім мыңдаған отбасының тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан оны тек жазалау арқылы емес, жүйенің қалай жұмыс істеп тұрғанын терең түсіну арқылы шешу маңызды.
Алдымен тарқатсақ, Қазақстанда әлеуметтік төлемдер үш негізгі бағытта жүзеге асады. Олар – мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар және атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Соның ішінде ең ауқымдысы – мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар. Өткен жылы бұл санаттағы адамдар саны 868,7 мыңға жеткен.
Осы тұста қаржы саласының сарапшысы Айбар Олжаев мәселенің ауқымын нақты сандармен түсіндірді.

– Ел қазынасының 60 пайызы әлеуметтік бағытқа жұмсалады, оның 40 пайызы осы әлеуметтік төлемдерге тиесілі. Ол алаяқтардың қолында кетсе, біз ұтыламыз. Олар мұқтаж адамдардың қазанына ортақтасып отыр. Мемлекет соңғы жылдары үлкен жұмыстар атқарып келеді, бірақ алдағы уақытта жасанды интеллектінің көмегімен мұны түбегейлі шешу қажет, – дейді ол.
Алайда әлеуметтік төлемдердің көлемі ғана емес, оны тағайындау қағидаты да сынға ұшырап отыр. Әсіресе көпбалалы отбасыларға жәрдемақы беру кезінде нақты мұқтаждық деңгейінің ескерілмеуі жиі айтылады. Кейбір ауқатты отбасының төлем алып отырғаны бірнеше рет көтерілгенімен, құбылыстың нақты ауқымы жөнінде ашық статистика әлі жоқ.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, мәселе көмекті жалпыға бірдей тарату тәсілінде.
– Көмек нақты табыс пен мүлікке байланысты болу керек, еңбекке қабілетті азамат үшін жұмыспен қамту, қайта даярлау, қоғамдық жұмыс сияқты міндеттемелермен қатар жүруі тиіс және цифрлық бақылау мен деректерді біріктіру арқылы тәуекелдерді азайтуымыз керек. Жалпы, әлеуметтік саясат жалпыға бірдей тарату логикасынан шын мұқтаждарды қайта мамандандыру логикасына өтпейінше масылдық та, алаяқтық та жойылмайды. Бұл – бюджетке салмақ қана емес, қоғамның болашақ еңбек әлеуетіне кері әсер ететін фактор, – дейді экономист.
Жаңа жылдан бастап не өзгерді?
Түрлі тәуекелдер мен сыни мәселелерге қарамастан, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерден бас тартып отырған жоқ. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мұны растады. Алайда, әртүрлі төлемдердің көптігі, бірізді жүйенің болмауы және тиімді бақылаудың жоқтығы шығындардың негізсіз өсуіне ықпал еткенін айтты.
–Көші-қон заңнамасы мен иммигранттардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау тетіктерінің осалдығы да масылдық пиғыл туғызып отыр. Биылдан бастап жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары іріктеліп, жұмыс күші тапшы өңірлерге баратын азаматтарға ғана беріле бастады. Мемлекеттік саясаттың жаңа тәсілдері бюджеті 18 трлн теңгені құрайтын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларында тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Үкімет «шынайы мұқтаж адамдарға ғана көмек» қағидатын қатаң ұстанады, – деді Олжас Бектенов.
Биылдан бастап зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдер индексацияланып, жасына байланысты зейнетақы 10 пайызға өсіп, ең төменгі зейнетақы 104 645 теңгеге жетті. Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер 10 пайызға ұлғайды. Ол әлеуметтік төлемдердің сатып алу қабілетін сақтап, инфляция әсерін азайтуға бағытталған.
Алдағы кезеңде әлеуметтік стандарттар да қайта қаралады.
– 1 қаңтардан бастап негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жаңа шектері белгіленді. Ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгеге, ал ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге жетті. Айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болып бекітілсе, базалық әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған күнкөріс деңгейі 50 851 теңге көлемінде айқындалды. Осы индексацияның нәтижесінде 2026 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері базалық төлемді қоса алғанда 104 645 теңгені құрайды. Ал ең жоғары зейнетақы көлемі 238 412 теңгеге дейін өседі, оның ішінде базалық зейнетақы 60 005 теңге болады. Бұл қадам зейнеткерлер табысының инфляция қарқынынан қалып қоймауына бағытталған, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінде.

Сондай-ақ биылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылар да өсті. Атап айтқанда, бір, екі немесе үш бала туған кезде берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, ал төрт және одан да көп бала туған жағдайда 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін көтерілді. Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы да артты: төрт баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге, ал 10 баласы бар отбасылар үшін 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғайды.
Дегенмен, қаржылай қолдауды арттыру әлеуметтік саясаттың басты мақсаты болмауы керек. Аталған ойды азаматтық қоғам өкілдері жиі айтып жүр.
– Егер адам көмекті қайта оқуға, жұмыс табуға, шағын бизнес ашуға мүмкіндік ретінде пайдаланса, бұл - болашаққа салынған инвестиция. Ал көмек өзгеріске ұмтылмай, тұрақты табыс көзіне айналса, бұл - жүйенің дұрыс жұмыс істемей тұрғанының белгісі. Мемлекеттің басты міндеті – осал топтарды қорғау мен еңбекке қабілетті азаматтарды экономикаға тарту, жауапкершілік алуға ынталандыру арасындағы тепе-теңдікті табу, – деді ҚР Әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары әрі Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Баян Төйкебаева.

Әлеуметтік алаяқтық: жәрдемақыдан МӘМС-ке дейін
Әлеуметтік алаяқтық тек жәрдемақымен шектелмейді. Соңғы тексерістер оның медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде де кең тарағанын көрсетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған жүйенің барынша ашық болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына өткізу туралы шұғыл шешім қабылданған болатын. Қаржы министрлігі медициналық ұйым басшыларының кіріс-шығысын тексеру барысында 2024-2025 жылдары 1465 медициналық ұйым басшысының 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік және 1416 автокөлік сатып алғанын анықтады. Кейбір тұлғаның екі жыл ішінде 50-ден 120-ға дейін пәтер мен ғимарат, 20-дан астам көлік рәсімдегені белгілі болды.

Ресми тексерістер барысында медицина тәжірибесінде мүмкін емес көрсеткіштер тіркелген. Мәселен, бір дәрігердің бір күнде 1 442 пациентті қабылдауы, бір айда 4 832 адамға қызмет көрсетуі, 769 мың ер адамның «жатыр мойны обырына» тексерілуі, тіпті 2,5 жыл бұрын қайтыс болған азаматтарға медициналық қызмет көрсетілгені туралы мәліметтер анықталған.
– Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 1,2 триллион теңгеден 3 триллион теңгеге жуық деңгейге дейін өсті. Оның шамамен 40 пайызы сақтандыру механизмі арқылы қалыптасып отыр. Бұл медициналық ұйымдарға тек ағымдағы шығындарды жабуға емес, өз жұмысын жоспарлауға және дамытуға мүмкіндік берген еді. Алайда көңіл көншітпейтін фактілермен бетпе-бет келдік, – дейді Qazaq Expert Club жанындағы денсаулық сақтау саласының сарапшысы Гүлнафис Жүсіпәлиева.

Сарапшының айтуынша, сақтандыру моделіндегі ең үлкен қауіп басымдықтың цифрлық есептер мен ресми көрсеткіштерге берілуінде.
– Дәрігерлік комиссиялар, ішкі медициналық аудит, көрсетілген қызметтерге цифрлық бақылау және басшылардың жеке жауапкершілігі шет қалмауы қажет. Мәселе жүйенің кемшілігінде емес, тұрақты басқару жұмысын жүйелей түсу қажеттілігінде, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, егер жүйенің тиімділігі тек көлем мен тарифтер арқылы өлшенсе, сақтандыру моделі өзінің әлеуметтік мәнін жоғалтады.
– Бұл – Қазақстанға ғана емес, Германия, Польша, Оңтүстік Корея тәжірибесінде де байқалған тәуекелдер. Маңыздысы – сапалы көмекке басты назар аударып, дұрыс талдау жүргізу, – деп түйіндейді сарапшы.
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы әлеуметтік масылдық пен алаяқтық тек мемлекеттік қаржыны тиімсіз жұмсауға емес, қоғамның еңбек мәдениеті мен әлеуметтік сеніміне де зиян келтіреді. Тиімді әлеуметтік саясат – төлемді көбейтуде емес, оны нақты мұқтаждарға бағыттап, шартты әрі уақытша ету, азаматтарды еңбекке, оқуға және кәсіпкерлікке тартуда. Жүйелі бақылау, цифрлық деректерді интеграциялау және жеке жауапкершілікті күшейту арқылы ғана әлеуметтік алаяқтық азаймақ.