Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мәскеу қаласында ҰҚШҰ-ның арнайы баяндамасы таныстырылады

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының арнайы баяндамасы мерекелік сессияда таныстырылатын болады.

Мәскеу қаласында ҰҚШҰ-ның арнайы баяндамасы таныстырылады

Бұл туралы бүгін Астанада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңес басшылары комитетінің отырысында ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа мәлім етті.

Оның хабарлауынша, комитеттің осы жолғы отырысында жаһандық және аймақтық қауіп-қатерлер талқыланып, оларға қарсы күрес шаралары қаралды. «Шағын құрамдағы жиында осы мәселелердің бәрін жан-жақты пысықтап алуға мүмкіндік болды. Отырыс барысында нақты ұсыныстар да жасалды. Осы орайда біз әскери ықпалдастық жайын тағы бір мәрте пысықтап, ақпараттық қауіпсіздік, заңсыз есірткі айналымы мен көші-қон мәселелерін талқылап шықтық», - дейді Н.Бордюжа.

Ұйым Бас хатшысы атап көрсеткендей, комитет отырысы барысында қабылданған шешімге сәйкес, Шұғыл әрекет етудің ұжымдық күштері құрамына кіретін арнайы топтар ресейлік геодезия қызметі негізінде даярланатын болады. Демек, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясындағы әскери жасақтардың картографиялық білімі шыңдалмақ. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңес басшылары бірлескен кеңестердің жоспарын бекітті. «Ал Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңес басшылары комитетінің келесі отырысын күзде, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қарсаңында өткізу ұйғарылды. Негізі, бүгінде ҰҚШҰ үшін өзекті деген мәселелер жан-жақты талқыланып келеді. Қорғаныс министрлері кеңесінен кейін оның бәрі арнайы баяндамаға енгізіліп, мамырдың 15-і күні Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының мерекелік сесиясында мемлекет басшыларына ұсынылатын болады», - деп атап көрсетті Н.Бордюжа.

Айта кетейік, биыл Ұжымдық қауіпсіздік шарттың рәсімделгеніне -  10 жыл, ал Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай биыл ұйымның мерекелік сессиясы мамырдың 15-сі күні Мәскеу қаласында өтеді.