11:59, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен салтанатты жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қатысып қайтты
АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Қаңтардың 23-24-інде Мәскеуде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрылуына арналған кезекті салтанатты жиын өтті.

Рәсімге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Сондай-ақ аталмыш шараға құрметті қонақтар ретінде еуропалық университеттердің ректорлары, РФ Президенті Әкімшілігінің жетекшісі С.Е. Нарышкин, РФ Федералдық жиналысы Кеңесінің төрағасы С.М. Миронов, Мәскеу қаласының мэрі Ю.М. Лужков, РФ Білім және ғылым министрі А.А. Фурсенко, РФ Президентінің көмекшісі Д.Р. Полыева шақыртылды.ТМД университеттерінің атынан келген Бақытжан Жұмағұлов құттықтау сөзінде әлемдік білім беру мен ғылымның дамуындағы Мәскеу университетінің ерекше орны мен рөлін, оның жоғарғы деңгейлі мамандарды дайындаудағы зор еңбегін атап көрсетті. Университеттердің халықаралық әріптестігі, оның ішінде Мәскеу мемлекеттік университетімен қарым-қатынас мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық қызығушылық ретінде бағаланып отыр. Өз кезегінде ММУ ректоры, академик Виктор Садовничий Қазақ ұлттық университетінің ұжымын биыл тойланып жатқан 75 жылдық мерейтоймен құттықтады. Көршілес екі мемлекеттің жетекші жоғары оқу орындарын басқарып отырған ректорлардың жеке кездесуі кезінде жоғары білім беру және ғылым саласындағы әріптестікке қатысты бірқатар мәселелер талқыға түсті. Бұған қоса университетаралық байланысты нығайтудың тиімді жолдары белгіленді. ҚазҰУ-дың 75 жылдығына арналған салтанатты шаралар шеңберінде М.В. Ломоносов атындағы ММУ күндерін өткізу жөнінде келісім жасалды.