Мәскеуде 80 см қар жауды: 72 жылдағы рекорд тіркелді
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Мәскеуде қар жамылғысының биіктігі 80 см-ге жетіп, соңғы 72 жылдағы метеобақылаулар бойынша абсолюттік рекорд тіркелді. Бұл көрсеткішті МГУ имени М. В. Ломоносова жанындағы метеорологиялық обсерватория анықтаған. Бұл туралы ТАСС агентігі жазды.
20 ақпанда обсерватория 72 жылдық бақылау тарихындағы ең жоғары қар қалыңдығын – 80 см-ді тіркеді. Сонымен қатар, Мәскеудің Внуково ауданы өткен тәулікте жауын-шашын ең көп түскен әлемдегі бес аймақтың қатарына енген. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым хабарлады.
Қардан кейінгі қарбалас
19 ақпанға қараған түні Мәскеу өңіріне Адриатика теңізінің солтүстігінен Орталық Ресейге жеткен циклон әсерінен қалың қар жауды. Синоптиктер 19 ақпан күні таңғы 03:00-ден кешкі 21:00-ге дейін 25 мм-ге дейін жауын-шашын түсіп, қар қалыңдығы 25–31 см-ге артуы мүмкін екенін болжаған.
Табиғи құбылысқа дейін ВДНХ аумағындағы негізгі метеостанцияда осы күз-қыс маусымында қар жамылғысы 43 см болған.
Қатты қарға байланысты Мәскеу мен Подмосковьеде жарияланған ауа райының «қызғылт сары» деңгейдегі қауіптілік режимі кейін «сары» деңгейге төмендетілді. Бұл туралы Ресейдің Гидрометорталығы мәлімдеді.
Әуежайлар жұмысы
19 ақпанда Мәскеу авиациялық торабындағы Шереметьево, Внуково, Домодедово және Жуковский әуежайлары қар мен қатты жел жағдайында 1 026 рейске қызмет көрсетті.
Қосымша 8 ұшақ қосалқы әуеайлақтарға қонды, 40 рейс, оның ішінде 7 шетелдік әуе компаниясының рейсі тоқтатылды. Бұл туралы Росавиация хабарлады.
Жолдағы жағдай
Кешкі қарбалас уақытта Мәскеу жолдарындағы кептеліс деңгейі 10 балдық шкала бойынша 9 балға жетті. Мұндай деректерді «Яндекс кептеліс» қызметі көрсетті.
Қар тазалау жұмыстары қалай өрбіді
Қар тазалау жұмыстарына Мәскеудің коммуналдық арнайы техникасының толық паркі жұмылдырылды. Қала әкімінің орынбасары Петр Бирюковтың айтуынша, негізгі магистральдар, көшелер, жаяу жүргіншілер аймақтары мен аулалар тазартылуда, жиналған қар арнайы орындарға шығарылды.
Көпқабатты үйлердің шатырлары мен қасбет элементтері, су ағар науалар қар мен мұздан тазартылып жатыр. Жұмыс аймақтары қоршауға алынып, жаяу жүргіншілердің өтуіне шектеу қойылған.
Инженерлік компаниялар мен әкімшілік округтердің апаттық бригадалары тәулік бойы кезекшілік етуде. Мәскеу айналма автожолында (МКАД) және ТиНАО аумағында ауыр жүк көліктеріне көмектесу үшін тартқыштар мен автокрандар кезекшілікке қойылған.
Теміржол инфрақұрылымы
Өткен түнде Мәскеу теміржол желісінде шамамен 2 мың шақырым жол қардан тазартылды. Жұмысқа 1,7 мыңнан астам адам және 103 арнайы техника бірлігі тартылған. Бүгін желіге 132 қар тазалау машинасы шығарылды.
Теміржол инфрақұрылымын тазалау жұмыстары арнайы штабтың үйлестіруімен жүргізілген.
Бұған дейін Мәскеуге жауған қалың қардан кептеліс үдеп, такси бағасы шарықтағанын жазған едік.