Мәскеуде Ауған соғысында із-түссіз жоғалған жауынгерлердің ДНК бірыңғай мәліметтер банкі құрылады

АСТАНА. Шілденің 7-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мәскеуде 1979-1989 жылдары Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеу барысында із-түссіз жоғалған жауынгерлердің ДНК бірыңғай мәліметтер банкі құрылады.
None
None

Оның құрылымдалуы жоғалған жауынгерлердің жақын туыстарының қан үлгілері 100 пайыз жинақталғанда аяқталмақ. Бұл туралы бүгін Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеу кезінде із-түссіз жоғалған жауынгерлерді іздеу халықаралық акциясы аясында қазақстандық 17 жауынгердің туыстарының қан үлгілерін тапсыру шарасы барысында ТМД Үкімет басшылар жанындағы Интернационалист-жауынгерлер істері жөніндегі комитеттің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, ТМД бойынша ауған соғысына қатысқан 270 адам із-түссіз жоғалғандар санатында. Қазіргі уақытта олардың 60-ның мәліметтер банкі жиналған және бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жүргізілу үстінде. Алайда із-түссіз жоғалған азаматтардың туыстарының қаза болуына немесе шет елдерге көшіп кетуіне, сондай-ақ КСРО-ның ыдырауына байланысты мекен-жайларын ауыстыруына орай қиындықтар туындап отыр. «Дегенмен біз оларды іздестіру үстіндеміз және көпшілігін табамыз деген сенімдемін», дейді ол.

Сонымен қатар ол ДНК клеткаларын анықтауда американдықтардың тәжірибесі мол екендігін әрі оларда бұл мәселе жоғары деңгейде қолға алынғандығын атап өтіп, қазіргі уақытта американдықтармен келісімге келгендіктерін жеткізді. Осы келісімге сәйкес, ресейлік мамандар Гавайдағы зертханадан тәлімдемеден өтеді. «Олар тәлімдемені гуманитарлық көмек ретінде өткізеді», деп нақтылай түсті Р.Аушев.

Соңғы жаңалықтар