Мәскеуде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны жасау жөніндегі арнайы жұмыс тобының 25-ші отырысы өтті
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат – Мәскеуде сәуірдің 14-15-інде Каспий жағалауы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны жасау жөніндегі арнайы жұмыс тобының 25-інші отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Отырыс жұмысына Әзірбайжан Республикасының (жетекшісі Халаф Халафов), Иран Ислам Республикасының (жетекшісі Мұртаза Сафари), Қазақстан Республикасының (жетекшісі Нұрлан Ермекбаев), Ресей Федерациясының (жетекшісі Александр Головин), Түрікменстанның (жетекшісі Тойлы Көмеков) делегациялары қатысты. Каспий теңізі жөніндегі көпжақты келіссөздерге ресейлік делегация жетекшісі А.Головин төрағалық етті. Отырыста Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров құттықтау сөз сөйледі. Содан кейін ол, Каспий жағалауы мемлекеттерінің ынтымақтастығын жан-жақты дамытуға, аймақтағы татулықты және бейбітшілікті күшейтуге қызмет ететін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі Каспий жағалауы мемлекеттері жүргізіп отырған серпінді жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Ресей министрі 2007 жылы Тегранда өткен Екінші Каспий саммиті шешімдерінің ретімен жүзеге асырылуы керектігін айтты және Бакуде өтетін жоғары деңгейдегі кездесуге дайындыққа күш салуды бірлесе жалғастыру қажеттігін атап өтті. Каспийдің бесжақты құқықтық реттелуіне қол жетуіне үлесін қосқан, тілектестік әріптестік ниетте өткен арнайы жұмыс тобының 25-інші отырысына тараптар жоғары баға берді. Отырыс келесі жолы кезек тәртібімен Ашғабатта өтеді деп белгіленді. Оны өткізу мерзімі дипломатиялық жолмен белгіленеді.