Мәскеуде коронавирусқа байланысты бұқаралық шараларға шектеу қойылды

МӘСКЕУ. ТАСС-ҚазАқпарат – Мәскеу мэрі Сергей Собянин ел астанасында 5 мыңнан астам адам қатысатын бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынғаны туралы хабарлады. Бұл шектеу 10 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Мәскеуде коронавирусқа байланысты бұқаралық шараларға шектеу қойылды

«Бүгін мен Мәскеуде 5 мыңнан астам адамның қатысуымен өтетін бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салу туралы жарлыққа қол қойдым», - деп хабарлады сейсенбі күні Собянин өз жазбасында.

Оның айтуынша, футбол және хоккей ойындарын қоса алғанда, спорттық іс-шараларға келушілерге де шектеу қойылады, қатысушылар мен жанкүйерлер саны 5 мыңнан аспауы керек.

Собянин коронавирустық инфекцияның таралу жағдайы қиындағанын атап өтті. «Біз Италиядағы, Германияда және басқа да еуропалық көршілерімізде жағдай қалай асқынып жатқанын көріп отырмыз», - делінген хабарламада. Осыған байланысты, Мәскеу мэрі адамдардың денсаулығын қорғау үшін қосымша шектеу шараларын қабылдау қажет екенін айтты.

Еске сала кетейік, коронавирус инфекциясы желтоқсан айында ҚХР-да тарала бастады. Қазіргі уақытта 100-ден астам елде вирус жұқтыру жағдайлары анықталған.