Мәскеуде шекарашылардың ғылыми жұмыстары үздіктер қатарында аталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу қаласында өткен ІV ғылыми-практикалық конференцияда еліміздің шекара қызметінің офицерлері үш бірдей жүлделі орынды иеленді. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Аталған конференция Ресей Федерациясының Федеральдық қауіпсіздік қызметі Шекара академиясының базасында «ТМД қатысушы мемлекеттердің және Моңғолияның сыртқы шекарасын сенімді күзетудің өзекті мәселелері» деген тақырыпта өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Абхазия және Моңғолия елдерінен келген тыңдаушылар қатысты. Ал қазақстандық шекара қызметінен майорлар Ю.Богомаз, А. Ситников, Г. Сәдуақасов және капитан Б. Алтаевтар қатысты.

Ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар ТМД қатысушы мемлекеттерінің сыртқы шекарасын күзетудің өзекті мәселелерін талқылап, ғылыми жұмыстың қорытындысын шығарды, конкурс жеңімпаздарына дипломдар табысталды.

Конкурсқа 48 тыңдаушы қатысты. Ресейлік Шекара қызметі тарапынан құрылған конкурстық комиссия ғылыми жұмыстарды іріктеп, үздіктерін атап өтті.

Қазақстан тарапынан конкурсқа жоғарыда есімдері аталған офицерлер өздерінің ғылыми жұмыстарын ұсынды. Конкурстық комиссия мүшелері ғылыми жұмыстар бойынша сөз сөйлегендерге сан алуан сұрақтар қойды.

ІV ғылыми-практикалық конференцияның соңында ғылыми жұмыстар қорытындыланып, олардың нәтижелері хабарланды. Қазақстандық шекарашы офицерлерге жүлделі үш орын бұйырды.

І орын - «Психологиялық-педагогикалық пәндерді оқыту үрдісінде ҚР ҰҚК Шекара академиясы тыңдаушыларының бойына тәлім-тәрбие мен біліктілікті сіңіру» деген тақырыпта ғылыми жұмыс дайындаған ҚР ҰҚК Шекара академиясының аға оқытушысы майор Г. Сәдуақасовқа берілді.

ІІ орын - ҚР ҰҚК ШҚ «Оңтүстік» аумақтық басқармасы 2041 әскери бөлімі штабының аға офицері, майор Ю. Богомазға берілді, оның ғылыми жұмысының тақырыбы «ҚР ҰҚК ШҚ шекара отрядының учаскесінде барлау мен іздестіру жұмыстарын жүргізудің проблемалары» деп аталды.

ІІІ орын - ҚР ҰҚК ШҚ «Шығыс» аумақтық басқармасы 2017 әскери бөлімі штабының аға офицері, майор А. Ситниковқа берілді, оның ғылыми жұмысының тақырыбы «Инженерлік құрылғылар орнатылмаған Қазақстан Республикасының шекаралық бөліктерін күзетудің жаңа тәсілдері» деп аталды.

Капитан Б.Алтаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттеріндегі мамандардың басқарушылық қызметінде болатын келеңсіз жағдайларды болдырмау бойынша жұмыс атқару» деген тақырыбындағы ғылыми жұмысы дипломмен марапатталды.

Жеңімпаздарға дипломдарды РФ ФҚҚ Шекара академиясының арнаулы факультетінің бастығы І рангілі капитаны С. Огнев тапсырды, ол өз сөзінде қазақстандық офицерлердің ғылыми жұмысты дайындауға үлкен жауапкершілікпен қарағандықтарын, сол арқылы ТМД елдерінің ішіндегі қазақстандық шекарашылардың имиджін дамытуға зор үлес қосып отырғандықтарын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар