Мәскеуде ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттер басшыларының кездесуі өтуде
МӘСКЕУ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мәскеудегі Үлкен Кремль сарайында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы кездесуі басталды.
Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан президенттері қазіргі заманғы халықаралық жағдай мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелерді талқылауда. Кездесуге ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Н.Бордюжа қатысуда.
Бұдан кейін ҰҚШҰ ҰҚК сессиясы аясында кеңейтілген құрамда халықаралық жағдай үрдістері мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру шаралары, 2020 жылға дейінгі ҰҚШҰ әскери бөлігін дамыту, төтенше жағдайларға ұжымдық жауап қайтару жүйесін дамытудың негізгі бағыттары, 2015 жылға дейінгі орташа мерзімдік перспективаға Ауғанстандағы жағдайдың дамуына болжам мәселелері талқыланады.
Жаңа ығыттармен күрес үшін ҰҚШҰ мүше-мемлекеттерінің әлеуетін нығайту жөніндегі шараларды қарау жоспарланған. Сондай-ақ ұйымдастыру және әкімшілік - ҰҚШҰ бас хатшысы, Өзбекстанның ҰҚШҰ-ға мүшелігі, Ұйымның бюджеті жөніндегі шешімдер, сондай-ақ Қырғыз Республикасына Ұйым төрағалығы көшуі талқыланады.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысының күн тәртібінде барлығы 20-ға жуық мәселе бар.