Мәскеуде ҰҚШҰ Шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштерінің қызметін регламенттейтін құжаттар жобалары бойынша консультация өтеді
МӘСКЕУ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бүгін Мәскеуде бас қосқалы отырған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы елдерінің уәкілетті лауазымды тұлғалары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштерінің қызметін регламенттейтін құжат жобалары бойынша кеңес өткізеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Басқосуға қауіпсіздік кеңестерінің, сыртқы істер және ішкі істер, қорғаныс, төтенше жағдайлар министрліктері мен атқарушы биліктің басқа да органдарының өкілдері қатысады.Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштерін құру туралы шешімді Ұйымға қатысушы елдердің басшылары ағымдағы жылдың ақпан айында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында қабылдаған болатын.