Мәскеуліктерге қазақ тілін үйрететін жаңа жоба ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәскеулік екі бойжеткен қазақ тілін үйрететін жобаны бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәскеуліктерге қазақ тілін үйрететін жаңа жоба ашылды

Қос қызды қазақ тілінің әуездігі баурап алғаны соншалық, тілді үйренуді қолға алыпты. Жаңа жобада туған қаласы мен халқы жайлы қазақша әңгімелейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын екі мәскеулік қыздың қазақша ән айтқан бейнежазбасы әлеуметтік желінің бірінде пайда болып, артынша халық арасында кеңінен тарап кетіп еді ғой. Кейін әлгі екі қыз енді туған қаласы мен ондағы тұрғындар туралы қазақша баяндауды қолға алады. Тіл университетін бітірген бойжеткендер қазір PR саласында жұмыс істегенмен, бос уақыттарын сол жобаға арнап келеді.

«Біз бұл жобаны қазақ тілінде өзіміздің де өзгелердің де көңілін көтеретін, жақсы іс болсын деп қолға алдық. Және үйреніп жатқан тілімізді ұмытып қалмайық деген оймен бастадық. Шынында өзімізге тән әрі ел көңілінен шыққан жоба болды. Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын және мен жиі қате жасаймын. Бірақ менің ойымша, әр шет тілді үйренгенде қорықпау керек»,- «Москва қазақша» жобасының авторы Анастасия Решетникова.

«Ең бастысы, қолға алған ісіміз көпшілікке ұнады. Өз басым «маған қараңыздар мен қазақша білемін» деп дабыра етуді, ұпай жинауды немесе өзімді жарнамалауды көздеген жоқпын. Біз мұны шын жүректен әрі өзімізге ұнаған соң жасадық», деді аталған жобаның тағы бір авторы Елизавета Осипова.

Уақыт өте қос қыз бейнеблогты түрлі форматта жүргізе бастады. Пандемия жарияланып, ұзақ уақыт оқшаулау кезінде «карантиндік қазақ тілі» айдарын ашты. Мәскеудегі қазақтардан сұхбат алып, жұртқа ұсынды.

«Сұхбат жазып, соны жобаның бір бөлігі ретінде ұсынсақ деген ой келді. Алғашқы сұхбатты «Хор Турецкого» әншісі Алибек Альмадиевтен алдық. Содан кейін осы жұмысты жалғастыруды шешіп, Гүлназ Балпеисовамен кездестік. Иманбек, Айсұлтан Сеитов және Скриптонитпен сұхбаттарымыз өте қызықты болып шықты»,- деп толықтырды Анастасия Решетникова.

Настя мен Лиза қаза тілін алғаш рет университетте естіген. Қазақстан туралы да аз білген. Бірақ алғашқы екі айдың ішінде қаза тілін тұрмыстық деңгейде сөйлесе алатындай дәрежеге жетеді. Ал 4 жылда тілдік ортада болмай-ақ өз ойларын еркін жеткізіп сөйлей алатын болды.