Мәскеулік студент Кристина Юдина Алматыны көріп, қазақ тіліне қызығушылық танытқан

АСТАНА. KAZINFORM – Мәскеуде туып-өскен Кристина Юдина соңғы екі жылда қазақ тілін үйреніп жүр.

Кристина Юдина
Фото: Видеодан алынған скрин

Қазақ мәдениетіне деген қызығушылығы күтпеген жерден — Алматыдан бітіру кешіне арналған көйлек іздеу кезінде және Қайрат Нұртастың әндерін тыңдағаннан кейін оянған.

– Маған қазақ эстрадасының әншісі Қайрат Нұртас өте қатты ұнайды. Оның сұхбаттарын жиі көремін. Өзі көңілді, ақжарқын, ашық адам екен. Әндерінің де ырғағы мен сөзі бірден баурап алады, – дейді Кристина «PRESIDENT» жобасының жүргізушісі Әділ Балтабаевқа берген сұхбатында.

Ол қазақ тіліне қалай қызыға бастағанын да есіне алады.

– Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде бітіру кешіне көйлек іздеп, Instagram желісін ақтара бастадым. Көрген әдемі көйлектерімнің көбісі Қазақстанда, Алматыда сатылатынын байқадым. Сол кезде «Қандай әдемі ел, мәдениеті де ерекше шығар» деп ойладым. Содан кейін қазақ тілін үйренуге, елдің мәдениетін жақынырақ тануға қызығушылығым артты. Маған Қазақстан қатты ұнайды, табиғаты да, адамдары да, тілі де әдемі, – дейді ол.

Қазір Кристина - Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті. Қазақ тілін жүйелі түрде меңгеріп, қазақ музыкасы мен әдебиетін қызыға оқып жүр. Ол алдағы уақытта Қазақстанға тағы келіп, тілдік ортада тәжірибесін жетілдіруді жоспарлап жүр.

Айта кетейік, кеше Президент Мәскеудегі халықаралық қатынастар институтының студенттерімен әңгімелесті.

Соңғы жаңалықтар