Маскүнемдік пен құмар ойындарына салынғандарды арнайы кәсіпке бейімдеу керек - депутат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дархан Мыңбай карантин кезінде ішімдікке тәуелді болғандардың саны күрт өскеніне алаңдаулы. Осы орайда депутат Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маскүнемдік пен құмар ойындарына салынғандарды арнайы кәсіпке бейімдеу керек - депутат

«Әлемді мезі қылған вирустың жаңа түрі (штамы) халыққа былтырғысынан ауыр тигенін естіп те, көріп те жатырмыз. Ғаламдық індет қоғамның қызу талқысына айналды. Бұл жөнінде білгір мамандармен, білікті сарапшылармен тайталасқан ғаламның небір «ақылшы-кеңесшілері», тәуіптері әлі күнге дейін неше түрлі ем-дом ұсынып, жарысып келеді. Әр кезде шипаны, дерттің дауасын алкогольден, аяқ астынан бағасы шарықтаған имбирьден, адыраспаннан, қойдың құйрық майынан, тағы басқа өнімдерден іздеп, елді шарқ ұрғызғаны да есімізде. Өкінішке қарай, әлі де «халық емі» деп, қилы ішірткілерін жарнамалаушылар бар. Ең сорақысы – карантин кезінде ішімдікке тәуелді болғандардың саны күрт өсіп кеткендігі мәлім болып отыр. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, еліміздегі коронавирусқа қарсы карантин мезгілінде арақ, ликер өнімдерін тұтыну мөлшері 21,5 пайызға өскен. Ал спирт ішімдіктерінің иммунитетті әлсіретіп, адам организмінің жұқпалы аурулар мен вирустарға қарсы қабілетін нашарлататыны - белгілі жайт», - деді Д. Мыңбай

Оның айтуынша, түрлі қатаңдату, шектеу шараларына қарамастан, былтыр мас күйінде көлік жүргізген 8900 адам ұсталған.

«Бұл – дабыл қағарлық меже. Ел болып, етек жинап, барлық үкіметтік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық және діни бірлестіктер, отбасы институты тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіп, нысаналы-мақсатты әрекетке көшпесе, істің насырға шабатын түрі бар. Ғаламдық кеселдің кесірі халқымызға, ұлтымызға тимесін десек, спирттік ішімдіктерге, есірткіге, құмар ойындарына әуестілікті дәрігерлердің көзқарасымен «дерт» ретінде ғана бағалауды қайта қарайтын уақыт келді. Дәл қазіргі уақытта ондай науқастар үшін барлық жауапкершілік дәрігерлердің мойнында десе болады», - деді депутат.

Осыны ескере келіп, мынадай ұсыныстар енгізілді:

1. Елімізде алкоголизмге, нашақорлыққа және құмар ойындарына қарсы күрес бағдарламасының жұмысы 2015 жылы аяқталған.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасының 4-бағытында салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін көбейту жоспарланған. Соның 8-шарасы алкоголь мен есірткілер бойынша Европалық мектеп тексерісі жобасы методологиясы бойынша психобелсенді заттарды жастар арасында тұтыну жөнінде зерттеулер жүргізу және темекі, алкоголь, ПБЗ тұтынудың алдын алу жөнінде ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу көзделген. Соған тиісті қаржы қарастыру қажет деп санаймыз.

2. Маскүнемдікке, нашақорлыққа және құмар ойындарына салынғандарды дуальды оқыту арқылы арнайы кәсіпке бейімдеу, қоғамға қажетті жұмыстарға, волонтерлық қызметке, экономиканың басқа да секторларына тартуға болар еді.

«Бұл бағытта тиімді жұмыс ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау орындарының құзыретін кеңейтудің жөні бар деп ойлаймыз. Өйткені заң талабы, берік дәстүр жүйесі, айқын мемлекеттік тетік қажет», - деді Д. Мыңбай.