Мәслихат депутаты Алдан Смайылға Астананың Құрметті азаматы атағын беруді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана мәслихатының тұрақты комиссиясы отырысында депутат Бауыржан Смайылов қоғам және мемлекет қайраткері Алдан Смайылға елорданың Құрметті азаматы атағын беруді ұсынды.

Алдан Смайыл
Фото: Әдебиет порталы

- Бір топ әріптесіммен мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, жазушы Алдан Смайылға қаламыздың Құрметті азаматы атағын беруді ұсынған едік. Бұл - өте маңызды мәселе. Қаламызда қазақ тілінің дамуына үлкен үлес қосқан, қаламыздың тарихын жазған азамат. Осы атаққа лайықты деп санаймыз, - деді Бауыржан Смайылов.

Астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп әкімдік аппаратында елорданың Құрметті азаматы атағын беру мәселесін талқыға салатын арнайы комиссия бар екенін атап өтті. 

- Комиссияның ережесі, жұмыс тәртібі бар. Иә, комиссияның бір мүшесімін. Бұл ұсынысты әріптестеріммен талқылайын. Тек мен шешетін мәселе емес. Басшылық, комиссия деңгейінде талқыланатын жайт. Жалпы, Алдан Смайыл ағамыздың елорданың дамуына қосқан үлесін, қайраткерлігін өте жақсы білеміз, құрметтейміз. Әрине, лайықты деп санаймын. Алдағы уақытта жұмыс тәртібімен қарастырамыз, - деді ол.

Осы орайда Бауыржан Смайылов Алдан Смайылдың ешқандай туыстығы жоқ екенін ескертіп өтті.

Бұған дейін елорда көшелерінің біріне армиян әліпбиінің негізін қалаған Месроп Маштоцтың есімі берілетіндігін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар