Мәулен Әшімбаев Костенко шахтасында опат болған кеншілердің туған-туыстарына көңіл айтты
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Костенко шахтасында опат болған кеншілердің туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында болған төтенше жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. Сондай-ақ, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулеріне тілектестігімізді білдіреміз. Мемлекет басшысы бұл жағдайды тікелей өз бақылауына алып, Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, тиісті жұмыстар басталып кеткенін де атап өткен жөн», - деп жазды Сенат спикері Facebook парақшасында.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Президентіміз Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын атап өтеді.
«Еліміздің Бас прокуратурасы да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастап кеткені белгілі. Алдағы уақытта қолға алынған шаралар өз нәтижесін беріп, кінәлілер заң жүзінде жауапқа тартылады деп сенеміз және мұндай төтенше оқиғалар енді ешқашан қайталанбасын деп тілейміз», - деді ол.