Мәулен Әшімбаев Үндістанның сайлау жөніндегі комиссарымен кездесті

Сенат
Фото: ҚР Парламенті Сенаты

АСТАНА. KAZINFORM - Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Үндістан Республикасының Сайлау жөніндегі бас комиссары Раджив Кумармен кездесті.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Раджив Кумарды Үндістанда жалпы сайлаудың өткізілуімен құттықтап, аталған мемлекет Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі екенін айтты. Соңғы жылдарда ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыттары бойынша маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Халықаралық ұйымдар аясында да парламентаралық қарым-қатынасты дамыту мәселесіне баса мән беріліп келеді.

«Қазақстан Үндістанмен экономикалық ынтымақтастықты, мәдениетаралық диалогты, туризмді және екі тарап та мүдделі басқа салаларды дамытуды, сондай-ақ, ауқымды мәселелер бойынша өзара қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуді көздейді. Біз парламентаралық байланыстарды да нығайтуға мүдделіміз. Осыған байланысты екі елдің Парламенттерінде жұмыс істейтін және өзара қарым-қатынасымыздың негізгі тетіктерінің бірі саналатын Достық топтарының әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы зор», – деді Сенат төрағасы.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан реформаларға, оның ішінде Қазақстан Конституциясына енгізілген маңызды түзетулерге де тоқталып өтті. Сенат Спикері заңнамалық өзгерістер билікті орталықсыздандыру, саяси жүйенің тежемелігі мен тепе-теңдігін күшейту және саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыру бағытында жүргізілгенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Раджив Кумар Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді, атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған бастамаларды жоғары бағалады. Сондай-ақ екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Сенат төрағасы Үндістанның дін қайраткерлері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне белсенді қатысып келе жатқаны үшін алғыс білдіріп, Қазақстан рухани дипломатияны дамытуға баса мән беріп отырғанын айтты. Сұхбат кезінде Съезд Хатшылығының қызметі мен жұмыс жоспары туралы да сөз болды.

Соңғы жаңалықтар
telegram