Маусым айында 29 млн кибершабуыл тойтарылған
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамы маусым айында 29 млн кибершабуылды тойтарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ биылғы маусымда Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі пайдаланылып, 29 милионнан астам кибершабуыл бұғатталғанын хабарлайды.
Ақпараттық қауіпсіздік инциденттерінің саны азайғаны байқалады. Ботнеттің ең көп тараған түрі Mozi.Botnet, njRAT.Botnet және Lethic.Botnet болды.
Интернеттің қазақстандық сегментін мониторингтеу барысында деректердің жария етілуі мен оларға қол жеткізу тәуекелдерін тудыратын бірнеше осалдықтар анықталды», - деп жазады «Мемлекеттік техникалық қызмет» мамандары.
Мәселен, анықталған CWE-521: Weak Password Requirements осалдығы сервердің сенімсіз паролін пайдалануға тырысқан. Бұл вирустардың есептік деректерді жария етуін оңайлатады.
«Ал, CWE-200: Exposure of Sensitive Information to an Unauthorized Actor осалдығы конфиденциалды ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізудің ықтимал тәукелдеріне әкеліп соғады. Жою үшін өндірістік ортада ретке келтіру режимін ажырату қажет. Ықтимал тәуекелдер мен қатерлерге жол бермеу үшін қызмет ұсынымдар әзірлеп, осалдықтар анықталған интернет ресурстар мен IP-мекенжай иелерін электрондық пошта арқылы хабарландырды», - делінген ресми мәліметте.
«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ мамандары интернеттегі деректерді барынша қорғау үшін пароль таңдаған кезде сандарды, арнайы символдарды, жоғарғы және төменгі тіркелім әріптерін пайдаланып, 8 символдан кем емес етіп орнату қажеттігін еске салады.