«Майқайыңалтынға» қарасты кен байыту фабрикасы 1 сәуірге дейін жұмысын тоқтатады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Фабриканың тоқтауына қалдық қоймадағы шикізаттың таусылуы себеп болған. Ал алтын кенішіндегі жұмыстар апат болған күннен бері тоқтап тұр.
Бүгінгі таңда «Майқайыңалтын» АҚ-да штаттағы қызметкерлер саны 933 адамды құрап отыр. Оның ішінде 143 адам жыл сайынғы еңбек демалысында, 30 қызметкер бала күтіміне, 42 қызметкер уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты демалыста. Тағы 5 ер азамат ҚР Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтеп жүр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеніштегі апат пен оның маңындағы үйлердің мәселесін прокуратура құрған тергеу тобы зерделеп жатқанына байланысты шахтадағы кен қазу жұмыстары 4 қаңтардан бері қаңтарылып тұр.
Соған байланысты бүгінгі таңда жалақысының 50%-ы төлене отырып 153 қызметкердің жұмысы тоқтап тұр. Олар - шахтаның 109 қызметкері және тау-кен техникасы учаскесінде жұмыс істейтін 44 адам.
Енді осы аптаның ортасынан, яғни 22-23 ақпаннан бастап алтын кенішіне қарасты кен байыту фабрикасының да жұмысы уақытша тоқтайды.
Бұл туралы Павлодар облысы еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыров хабарлады.
- «Майқайыңалтын» АҚ жұмыс берушісінің ауызша түсіндірмесіне сәйкес, қазіргі уақытта кәсіпорын фабрика жұмысын тоқтатуға дайындық жүргізіп жатыр. Шамамен биылғы жылдың 22-23 ақпанынан бастап тоқтатылады деп жоспарлануда. Бұл ретте кәсіпорын қызметкерлеріне жалақысының 50%-ы төленетін болады. Жұмысы уақытша тоқтатылатын қызметкерлердің саны туралы ақпаратты кәсіпорын пысықтау үстінде. Нақты санын «Майқайың-алтын» АҚ басшылығы осы аптаның соңына дейін хабарлауы керек. Жұмыс берушінің ақпараты бойынша қызметкерлерді толық жұмыстан босату мәселесі қарастырылмаған. Фабрика биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап қайтадан іске қосылады,-дейді А.Сабыров.
Белгілі болғандай, фабрика 4 қаңтарда шахта жұмысын тоқтатқанына байланысты қалдық қоймадағы шикізатты пайдаланып келген. Кеніштегі апаттың себеп-салдары толық зерделеніп біткенше шахта жабық болады. Соған сәйкес фабрика да өз жұмысын жалғастыра алмауда.