Алтын кеніші маңындағы үйлердің мәселесін прокуратура құрған тергеу тобы зерделеп жатыр

Майқайың
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Кеніш маңындағы санитариялық-қорғау аймағында бүгінде жеке баспаналар орналасқан 103 жер телімі бар. Прокурорлар жергілікті атқарушы орган шығарған əрбір актінің заңдылығын тексеруде. 

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Парламент Мәжілісіндегі «АМАНАТ», «Ауыл», «Ақ жол» және «Respublica» партияларының Майқайың кентіндегі мәселе бойынша жолдаған депутаттық сауалдарына жауап берді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай хабарлады.

Бас прокурдың мәлімдеуінше, прокуратура органдарының үйлестіруімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы (Полиция департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті) құрылған. 4 процестік прокурор тағайындалды.

«Тергеп-тексеру барысында «Қарағандыгипрошахт» ЖШС-мен тау-кен-құрылыс жұмыстары саласындағы маман тартылды (кеніштің құлау себептері туралы қорытынды беру жəне шахтада жұмыс жүргізу кезіндегі заң бұзушылықтарды анықтау үшін). Сондай-ақ уəкілетті мемлекеттік органдардың (Мемлекеттік кірістер департаменті, Өнеркəсіптік қауіпсіздік департаменті, «Центрказнедра» РММ, Экология департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті) мамандары тартылды. Қылмыстық іс бойынша бірқатар тергеу əрекеттері (тінту, алу, сараптама, жауап алу жəне т.б.) жүргізілуде, олардың қорытындысы бойынша кəсіпорынның жауапты тұлғаларының, сондай-ақ уəкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының əрекеттері мен əрекетсіздігіне құқықтық баға берілетін болады. Тергеу жалғасуда», - деп жазылған жауапта.

Сонымен қатар осы оқиға бойынша Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек жəне əлеуметтік қорғау комитеті құрған комиссия жұмыс жүргізіп жатқаны айтылған. Оның құрамына «Авариялық-құтқару қызметтері қызметкерлерінің жергілікті кəсіптік одағы» ҚБ өкілі енген. Қорытындысы іс материалдарына қоса тіркелетін болады.

Өз кезегінде, Павлодар облысы əкімдігі жанындағы өңірлік жедел штаб (құрамына облыстың құқық қорғау, арнаулы жəне өзге де мемлекеттік органдары кіреді) Майқайың кентінің тұрғындарына кəсіпорынның өндірісінің əсерінен туындауы мүмкін тəуекелдерді зерделеп жатыр. Кəсіпорынның өнеркəсіптік алаңы 10 мыңға жуық тұрғыны бар Майқайың кентінің жанында орналасқаны анықталды. Санитариялық-қорғау аймағының шекарасы 500 метр, ауданы 17 гектардан астам, Павлодар облысы əкімдігінің 12.02.2013 жылғы №39/2 қаулысымен айқындалған. Аймаққа 206 жер учаскесі кіреді, оның ішінде 311 адам тұратын баспана ғимараттары орналасқан 103 учаске бар.

«Прокуратура органдары аталған учаскелер бойынша жергілікті атқарушы органның əрбір актісінің заңдылығын зерделеуде. Анықтама ретінде: барлық архивтік материалдар, оның ішінде жер-кадастрлық істер талап етілді, өйткені көптеген құрылымдар жылжымайтын мүлікті заңдастыру бойынша заңдастырылған, яғни құқықтары санитариялық-қорғау аймағы белгіленгенге дейін айқындалған», - деп жазылған жауапта.

Бұған қоса прокуратура 5 ақпаннан бастап «Майқайыңалтын» компаниясының жерасты кенішіндегі жұмысы тоқтатылғанын хабарлап отыр. Бұл іздестіру-құтқару іс-шараларын жүргізу жəне кеніштің одан əрі құлау қаупі себебінен қабылданған. Кен байыту фабрикасы, автокөлік цехы, əкімшілік-тұрмыстық корпус жəне басқа да қосалқы бөлімшелер штаттық режімде жұмыс істеуде. 185 жұмысшы жалақысының 50 пайызы сақталуымен мәжбүрлі демалыста. 

Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы жəне тексеру шаралары бақылауда.

Еске сала кетейік, Майқайың тұрғындары үйлерімен қоса жер астына түсіп кетуден қорқып отыр.

Майқайың кеніші аумағындағы іздестіру жұмыстары қайта жанданды. Әзірше ойық түбіне техника өздігінен жүріп баратындай қауіпсіз жол салынуда. Бұл іске «Майқайыңалтын» АҚ жауаптанды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum