Майқайың тұрғындары үйлерімен қоса жер астына түсіп кетуден қорқады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Майқайыңдағы «Шанхай» ықшам ауданының тұрғындары «Үйіміз жер астына опырылып түсіп кете ме?» деп алаңдап отыр. Олар алтын кенішінен небәрі 300-400 метр жерде тұрады.
«Кеніште жер жару жұмыстары жүргізілгенде үйіміз опырылып түсіп, бала-шағымызбен опат боламыз ба?» Жұрттың бойында осындай қорқыныш бар. Ал кәсіпорын басшылығы шахтаның үйлер астымен өтпейтінін айтады.
Шахта маңайын жағалай орналасқан көне үйлердің, атап айтқанда «Шанхай» ықшам ауданының жұрты соңғы төрт-бес жылда жер астындағы дүмпулер мен бұрғылардың даусы айқын естіле бастағанына, үйлерінің іргетасы мен қабырғалары жарылып, үй төбесін ұстап тұрған ағаш тіреулердің қақырай түскеніне алаңдаулы. Олардың айтуынша, кеніш үйлердің астын кеулеп қазып, кен байыту комбинатына қарай жылжып барады. Көпшілік «Бір күні әлгі автобус құлаған сияқты жер опырылып, астына түсіп кетеміз бе?» деп үрейленеді.
«Алтын дала көшесі, №3 үйде тұрамын. Үйіміздің сылағы түсіп, қабырғалары жарылып жатыр. Жер астында жарылыс жасаған сайын жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Түн ортасында ұйықтап жатқанда үйіміздің астынан гүрілдеген техника мен шақ-шұқ еткен дыбыстардан кішкентай балаларымыз шошып оянып, жылайды. Кеніштің төңірегінде орналасқан үйлердің асты шахта екеніне күмәніміз жоқ. Өзімнің жасым 60-тан асты. Бұл үйде 8 жан бармыз. Немерелеріміз үнемі үйде, ұсақ. Екіншіден, біздің үйлер орналасқан аумақта дені дұрыс жол жоқ. Көктем мен жазда такси шақырсақ, үйімізге келмейді. Ойдым-ойдым, шалшық жерге кім жоласын?! Оның үстіне, көп үйге ауызсу тартылмаған, суды кәдімгі құдықтан алып ішіп жүр», - деп шағымданды Кәжен Сынғадолла.
Тәжік-ауған соғысының ардагері Төлеген Ботаев – көпбалалы отбасының отағасы. Айтуынша, үйінің іргетасы қақырап, сөгіліп барады.
«Кешкілік үйде жатқанда кеншілердің қимылын, экскаватордың жер жыныстарын ойып жатқанын анық естиміз. Түнеугүні шахтада қатты жарылыс болды. Үйіміз теңселіп кеткендей сезілді. Қорыққанымыздан далаға атып шықтық. Жыл сайын үйімізді жөндей-жөндей шығынға баттық. Мына түрімізбен бір күні құлайтыны анық. Бізге кенттің өзге қауіпсіз жерінен үй салып беріп, сонда көшірсін. Үй сатып алуға жағдайымыз жоқ. Онсыз да бір жалақыға, зейнетақыға қараған адамдармыз. Шамамен 40-50-дей үй бар болуы керек. Жаңадан үйлер салуды миллиардтап табыс табатын кәсіпорынның қалтасы көтереді. Олай етпесе, жақын жылдары адам өлімі болатыны анық», - дейді ол.
Тұрғынның бұл айтқандарын көршілері Үміт Кудикенова, Меруерт Қабыкенова, Ақния Қайрат, Айнаш Хәкім, Бекішев Жарылғасын, Мизамхан Алтыбайым, Әтейхан Еркебұлан, Динашқан Малқай, Күләтай Кәлпей және өзгелері қостап отыр.
Ал Махаббат Абсаттарова қауіп көзінде тұрған үйінің жағдайынан қорқып, қазіргі күні кент ортасында баспана жалдап тұрып жатқанын айтты. Кеніш жанындағы үйлерінің қабырғаларынан қыста үнемі ызғар соғып, 15 жасар қызы сыз өтіп ауырып қалған. Дәрігерлер созылмалы цистит және бүйрек ауруы диагнозын қойып отыр. Әйелдің өзі де аурушаң, «отбасымызбен денсаулығымызды жоғалттық» деп мұңын шақты.
Енді бір адамдар жарылыс болған сайын үйлеріміздің төбесінен топырақ саулайды, кеніштен шыққан улы газ аузы-мұрнымызға кіріп тұншықтырады дейді.
«Экологиялық тексеріс мүлде жүргізілмейді. Жазда кеніштен фабрикаға кен тасыған жүк көліктері айналаның бәрін шаңдатып, далаға кір жая алмай қаламыз. Қыста қар бетінде кәдімгідей қызыл шаң тұрады. Зиянды ауа жұтып отырғанымызды білеміз. Алайда осыны тексеріп, зияндылығын дәлелдейтін экологтер жоқ. Жергілікті билік мәселемізді елемей отыр», - деседі көпшілік.
Ал тағы бір тұрғын Айнаш Хәкім 4 қаңтар күні кешкілік кеніште алапат жарылыстар болып, қабырғада ілініп тұрған шкаф құлап, ыдыс-аяғы күл-талқан болғанын ашына жеткізді. Бұл тұрғынның үйі кеніштен небәрі 300 метрдей жерде ғана тұр. «Сол күні шахта үстінде қара шаң көтеріліп, айналаның бәрін тұмшалап тастағанын» айтады куәгерлер.
Қабырғалары жарылып, сылақтары түсіп жатқан үйлер Ә. Молдағұлова, Кенші, Алтын дала көшелерінде орналасқан. Адамдар үйлерінің төбелері опырылып түспес үшін бөлме ішіндегі белдеу ағаштарға тіреу қойып жатыр. Кейбір баспаналарда төбедегі бөренелер кәдімгідей жарылып, сына бастағаны көрінеді. Бұл зардаптардың барлығы – кеніште тынбай жүргізілетін жарылыстардың салдары екенін айтады.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтің айтуынша, қазіргі күні Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен құрылған арнайы комиссия кенттегі оқыс оқиғаның себеп-салдарын бүге-шігесіне дейін тексеріп жатыр. Арнайы сараптамалар жүргізіп, мамандар барлық жағдайды есепке алады. Комиссияның қорытындысы шыққан соң ғана апаттың мән-жайы толық хабардар етілмек.
«Егер үйлеріңіздің қауіп көзінде тұрғаны дәлелденсе, мәселені шешуге әбден болады. Тек комиссияның нәтижесі шыққанын күтіңіздер. Екіншіден, қазір шын мәнінде апаттық жағдайда, құлағалы тұрған баспаналар болса, оларға кезектен тыс үй алып беру мүмкіндігі бар. Ол үшін арнайы сараптама жасатып, құжатын біздің қолымызға тигізсеңіздер болғаны», - дейді әкім.
Ал «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин «үйлердің асты шахта деген құр қауесет, шындыққа жанаспайды» деп отыр.
«Менің үйім де сол «Шанхайда» орналасқан, қауіп жоқ екенін жақсы білемін. Сейсмологтердің пікірінше, жер астында болатын жарылыстардың дүмпуі өте алысқа тарайды. Соның толқыны сіздердің үйлеріңізге жетуі мүмкін, себебі баспаналар кеніштің дәл іргесінде тұр. Сондықтан бұл мәселені қазір тексеру жүргізіп жатқан комиссия анықтайды деген сенім зор. Біздің кәсіпорында жасырып қалатын ештеңе жоқ. Соңғы рет 3 қаңтар күні кешкілік сағат 7 мен 8 арасында кеніште кен жару іс-шаралары болды. Мұндай жарылыстар күн сайын жүргізіліп келген. Қайғылы жағдайда байланысты әзірге жер жару жұмыстары тоқтап тұр. Ал акционерлік қоғам пайда болғалы кентте жаңадан баспаналар салмағаны рас. Оған қаржылық мүмкіндік жоқ. Есесіне, кенттің суы мен жылуына, кәріз жүйесіне біздің кәсіпорын жауапты. Жыл сайын жергілікті бюджетке 3,5 млн теңге төлейміз. Жылу инфрақұрылымын қалыпты ұстауға 400 млн теңге шығындасақ, тариф төлемдері арқылы тек 72 млн теңгесі қайтарылды. Қалған шығынды өзіміз көтеріп отырмыз», - деді Қуаныш Советұлы.
Бұған қоса ол қазіргі күні кәсіпорында 1 мыңнан аса адам істейтінін, орташа еңбекақының мөлшері 500 мың теңге екенін атап өтті.
Қорытындылай айтқанда, арнайы комиссия апаттың себеп-салдарын жария еткен соң ғана шешім қабылданады. Сол кезде шахтаның шын мәнінде үйлердің астында бар-жоғы да анықталады. Ал әзірге бір нәрсе айқын – кеніш маңында тұратындардың көпшілігінің барар жер, басар тауы жоқ...