Майкл Джексонның шұлығы аукционда 6200 еуроға сатылды

АСТАНА. KAZINFORM — 1997 жылы Ниццада өткен концерт кезінде Майкл Джексон киген, кристалдармен әшекейленген шұлық Франциядағы аукционда сәрсенбі күні 6200 еуроға сатылды, деп АЗӘРТАДЖ жазды.

Майкл Джексонның 1997 жылы Ниццада болған концертінде киген шұлығы аукционда 6200 еуроға сатылды
Фото: АЗЕРТАДЖ

Аукцион ұйымдастырушылары бұл шұлықты «культтік бұйым» деп атап, музыкалық жәдігерлердің сатылымына енгізген.

АЗӘРТАДЖ шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып хабарлағандай, техник мамандардың бірі бұл шұлықты Джексонның грим бөлмесінің маңында концерттен кейін тасталған күйде тауып алған.

Поп музыкасының королі бұл ақ түсті спорттық, жылтыр тастармен безендірілген шұлықтарды 1997 жылғы HIStory World Tour әлемдік турне кезінде киген.

Майкл Джексонды бұл шұлықпен «Billie Jean» әнін орындап жатқан бейнебаяндардан көруге болады.

Одан бері бірнеше онжылдық өтсе де, шұлық әлі сақтаулы. Дегенмен, ол ақтығын жоғалтып, дақтар пайда болып, тастардың түсі сарғайып кеткен.

Бұл бұйым бастапқыда маусым айында аукционға қойылғанымен, сол кезде сатып алушы табылмаған. Бастапқы бағасы 2500 еуро болған, ал болжамды құны 3000–4000 еуро шамасында деп бағаланған еді.

Бұған дейін хабарланғандай, америкалық актриса Анджелина Джоли қараша айында 1958 жылы шығарылған Ferrari 250 GT көлігін аукционға қояды.

Соңғы жаңалықтар