Мәйітін тану ең ауыр сәт болды: Нұрай Серікбайдың ағалары сотта жауап берді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – 21 жастағы Нұрай Серікбайдың туыстары сотта қыздың тұрмысқа шығуды жоспарламағанын, Еуропада білім алуды армандағанын айтты. Жақындарының айтуынша, қызды алып кеткеннен кейін ол үнемі қорқынышпен өмір сүрген.
Сот отырысында марқұмның туған ағалары – Дінмұхаммед пен Сұлтан жауап берді. Олар 2025 жылдың қазан айындағы оқиғаларды, кейінгі аңду әрекеттерін және қайғылы жағдай болған күнді егжей-тегжейлі баяндады.
Алғаш болып Нұрайдың үлкен ағасы Дінмұхаммед Серікбаев сөз алды. Ол сотталушыны алғаш рет 2025 жылдың шілдесінде туысының тойында көргенін айтты. Сол сәтте Аймаханның Нұрайға көз алмай қарағанын байқаған. Кейін Нұрай үйге гүл әкеліп, бір жігіттің оған көңіл білдіруге тырысып жүргенін айтқан. Алайда олардың арасында жақын қарым-қатынас болмағанын және неке туралы әңгіме болмағанын жеткізді.
– Біз Нұраймен әрдайым ашық сөйлесетінбіз. Тамыз айының соңында оны Алматыға оқуға шығарып салдық. Ол тұрмысқа шығуды ойлаған жоқ. Оның алға қойған үлкен жоспарлары болды. Тіл үйреніп, киім дизайны саласында өзін дамыту, 2026 жылдың жазында Еуропаға барып, сол жақтағы университетке түсу арманы еді, – деді Дінмұхаммед Серікбаев.
Ағасының айтуынша, отбасы сотталушы жайлы таныстарынан сұрастырып білген. Нәтижесінде оның ресми жұмысы жоқ, мінезі ашушаң, жиі жанжал шығаратын адам екені белгілі болған. Осыдан кейін туыстары Нұрайға онымен араласпау керегін ескерткен.
Куәгер 2025 жылғы 5 қазанда Шерхан Аймаханның Нұрайды алдап әрі қорқыту арқылы Алматыдан Шымкентке алып кеткенін айтты.
– Анамнан «Нұрайды алып кетті, тез қайт» деген хабарлама келді. Ағам және көкеммен бірге сотталушының үйіне барғанымызда, аулада 50-ге жуық адам жиналып тұр екен. Бізге қарсылық көрсетіп, ішке кіргізбеді. Інім Сұлтан бір сәтке үйге кіріп, Нұрайдың: «Мен өз еркіммен келген жоқпын, мені бұл жерден алып кетіңдер!» деп сыбырлап айтқанын естіген. Сотталушының туыстары полиция келгеніне қарамастан әрекет етпей, бізбен жанжалдасты, киімімізден тартты. Тергеуші олардың үйінде шай ішіп отырған кезде, отбасы уақыт созып, ата-анамыз некеге келісім берді деген жалған ақпарат таратуға тырысты, – деді марқұмның ағасы.
Дінмұхаммедтің айтуынша, кейін оқиғаға қатысушылар Қаратау аудандық полиция басқармасына жеткізілген кезде Нұрайға психологиялық қысым көрсетілген.
– Бізді Нұрайға жолатпады, оның кәмелет жасына толғанын алға тартты. Ал сотталушының сыныптасы мен әкесі кабинетке еркін кіріп жүрді. Нұрай қатты шаршаған, бұрынғы қалпынан өзгеріп, қатты қорыққан еді. Кейін ол бізге бейнежазбаны және арыздан бас тарту туралы жазбаны қысыммен, біреудің айтуымен жаздырғанын айтты. Оған сотталушы енді ешқашан жақындамайды деп уәде берген, – деді ағасы.
Ағасының айтуынша, аңду әрекеттері тоқтамаған. Сотталушы Шымкенттегі отбасының үйіне бірнеше рет келіп, Hyundai Mufasa көлігімен қызды аңдыған, қақпа алдында күткен, түрлі нөмірлерден қоңырау шалған. Сондай-ақ Алматыдағы құрбыларына хабарласып, сабақ кестесін білуге тырысқан. Осыдан кейін отбасы Нұрайдың телефон нөмірін ауыстырған.
– 10 қазанда оның көлігін үйіміздің жанынан көріп, полиция шақырдым. Полиция шақыртуын қабылдаған қызметкерге бұл адамның бұған дейін қарындасымды алып кеткенін және қазір үйдің алдында тұрғанын айттым. Алайда ол шақыртуды тіркемеді. «Неге сенімдісіз? Мүмкін көршілеріңізге келген шығар?» деді. Полиция арызымызды қабылдамады, прокуратура іс қозғаудан бас тартты, – деді Дінмұхаммед Серікбаев.
Қайғылы оқиға болған күні, яғни 2026 жылғы 11 қаңтарда үлкен ағасы Шымкенттен 500 шақырым қашықта жұмыста болған. Ол болған жағдайды Сұлтаннан және жылап хабарласқан анасынан естіген. Кейін қарындасының телефонының орналасқан жері мәйітхана ғимаратын көрсеткен.
Дінмұхаммед қарындасының Шерхан Аймаханға тұрмысқа шығуды ешқашан жоспарламағанын, оны алып кеткеннен кейін қатты қорқып, қарым-қатынасты толық тоқтатуға тырысқанын жеткізді.
Сондай-ақ сотта марқұмның кіші ағасы, кәсіпкер Сұлтан Серікбай жауап берді. Ол көз жасын әрең тежеп, сотқа тек шындықты айтатынын мәлімдеді. Ол сотталушының өзара қарым-қатынас және қаржылай көмек көрсеткені туралы сөздерін жоққа шығарды.
Сұлтан Аймахан туралы әріптестері мен таныстары арқылы ақпарат жинағанын айтты. Сотталушыны білетін адамдар оны дөрекі мінезді және жанжалға бейім адам ретінде сипаттаған.
Ол 2025 жылдың қазанында қарындасын күштеп алып кеткеннен кейінгі жағдайды да баяндады.
– Кешкі сағат алты шамасында көкем Нұрайды алып кеткенін айтты. Біз бірден Бозарықтағы сотталушының үйіне бардық. Аулада 20 шақты адам болды. Үйге кіргенімде Нұрай әйелдердің арасында отыр екен. Оларды шығарып, екеуміз жеке сөйлескенде, ол мені құшақтап, жылап: «Сұлтан, мен сені күттім. Мен бұл жерге өз еркіммен келген жоқпын, қорқып тұрмын» деді. Мен оны алып кетемін деп уәде бердім, – деді Сұлтан Серікбай.
Оның айтуынша, Нұрайды алып шығуға тырысқан кезде сотталушының туыстары қарсылық танытып, қызды күшпен бөлмеге қайта кіргізген. Кейін Сұлтан мен көкесін сыртқа шығарып жіберген. Шақырылған полиция жасағы мен тергеу тобы шамамен 45 минуттан кейін жеткен.
Сұлтанның сөзінше, полиция келгенде де 20-ға жуық ер адам құқық қорғау органдарының өкілдерін үйге кіргізбеген. Сотталушының әкесі болған жағдайды «салт-дәстүр» деп түсіндіруге тырысқан.
– Тергеуші Әбілғазы үйге кіріп, дастарқанға отырып шай ішіп, мандарин жеді. Осылайша уақытты созды. Сол уақытта бөлмеде Нұрайға психологиялық қысым көрсетіліп жатқан. Мен қатаң талап қойғаннан кейін ғана тергеуші қарындасыма кіріп, кейін оны Аймахан мен оның әкесінің қатысуымен полиция басқармасына алып шықты, – деді Сұлтан Серікбай.
Полиция бөлімінде де қысым тоқтамаған. Сотталушының айналасындағы бөгде адамдар кабинеттерге емін-еркін кіріп жүрген. Ал Нұрайдың кәмелет жасына толғанын сылтау етіп, туыстарын оған жолатпаған. Сол күні кешке сотталушы отбасыға некеге келісім беру үшін 10 млн теңгеге дейін ақша ұсынған. Алайда отбасы бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан.
Нұрай үйіне оралғаннан кейін сотталушы оны үздіксіз аңди бастаған. Ол Hyundai Mufasa көлігімен үйінің маңында күтіп тұрған, Нұрай бариста болып жұмыс істейтін кофеханаға барып, оның ағасы туралы қаралайтын мәлімет табу үшін қызметкерлерге ақша ұсынған.
Осының салдарынан отбасы Нұрайды қашықтан оқыту форматына ауыстырып, телефон нөмірін бірнеше рет өзгерткен. Сондай-ақ оқуын Шымкентке ауыстыруды жоспарлаған. Алайда полиция мен прокуратура туыстарының өтініштеріне назар аудармаған.
2026 жылғы 11 қаңтардағы оқиғаны баяндаған Сұлтанның айтуынша, ол үйден шығардың алдында Нұрай бәліш пісіруге қамданып, ұн алу үшін жақын маңдағы супермаркетке кеткен. Үйдің маңында сотталушы оны күтіп тұрған. Куәгерлер Нұрайдың «Маған тиіспе!» деп айқайлағанын естіген. Осыдан кейін шабуыл жасаған адам оған өлімге әкелген жарақаттар салған.
Сұлтан түнгі сағат бір шамасында қарындасының мәйітін тануға өзі қатысқанын айтты. Оның сөзінше, қыздың денесі мен бетінде көптеген терең пышақ жарақатынан сау жер қалмаған.
Сұлтан сот отырысында Аймаханның Нұрай оны темекі шегуге үйретті деген сөзін жоққа шығарды. Сұлтан сотқа сотталушының қолында темекі ұстап тұрған, 2024 жылы, яғни екеуі таныспай тұрып түсірілген фотосуретін ұсынды. Жұмсақ мінезді қарындасын қаралауға тырысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Нұрай ешқашан қаржылық қиындық көрмеген, темекі шекпеген және өзін аңдыған адамнан қатты қорыққан.
Сот талқылауы жалғасып жатыр. Үзілістен кейін сот Нұрайдың құрбысынан, сондай-ақ тергеуші мен прокурордан жауап алуды жоспарлап отыр.
Еске салайық, бүгін сотта қайғылы оқиғаның басты куәгері Индира Беркінбаева жауап берді. Ол Нұрай Серікбайдың өмірінің соңғы минуттарын баяндап, шабуыл жасаған адамның жерде жатқан қызға қайта оралып, оған пышақ жарақатын салуды жалғастырғанын айтты.
Негізгі сот талқылауы 28 шілдеде басталды. Сотталушы Шерхан Аймахан қасақана адам өлтірді деген айыпты мойындамай, әрекетін аффект жағдайында жасағанын мәлімдеді.
Марқұмның ата-анасы мен бала күнгі құрбысы қызды алып кету және одан кейінгі аңдуға қатысты жайттарды баяндады.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда болды. Тергеу мәліметінше, сотталушы 21 жастағы қызға 35 пышақ жарақатын салған. Оған некеге тұруға мәжбүрлеу, аңду (сталкинг) және аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру баптары бойынша айып тағылған.