Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мәйіттік донор арқылы жасалатын трансплантация саны үш есеге жуық артты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда соңғы жылдары қайтыс болған донорлардың ағзаларын пайдалану арқылы жасалатын трансплантациялар саны айтарлықтай көбейді.

Айдар Ситказинов
Фото: ОКҚ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Республикалық трансплантология және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Айдар Ситказинов айтты.

Оның сөзінше, 2024 жылы мәйіттік донорлардың ағзаларын пайдалану арқылы 23 трансплантация жасалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 68-ге жетіп, шамамен үш есеге өскен. Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасын тауып отыр.

— Сонымен қатар қайтыс болғаннан кейін донор болған адамдар саны да көбейді. Егер 2024 жылы олардың саны 6 болса, 2025 жылы 18-ге жеткен, — деді орталық директоры.

Айдар Ситказиновтың айтуынша, бұл көрсеткіштердің артуы трансплантация күтіп жүрген науқастардың өмірін сақтап қалуға тікелей әсер етеді.

— Бір қайтыс болған донор бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан мәйіттік донорлықты дамыту трансплантология саласындағы маңызды бағыттардың бірі саналады, — деді ол.

Жалпы Қазақстанда заманауи трансплантация қызметі іске қосылғаннан бері 3 270 ағза трансплантациясы жасалды. Оның 2 726-сы немесе 82%-ы тірі донорлардың қатысуымен, ал 544-і немесе 18%-ы қайтыс болған донорлардың ағзаларын пайдалану арқылы орындалған.