Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мажарстан президенті өз қызметінен кетуге мүмкіндік беретін түзетуге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстан президенті Тамаш Шуйок премьер-министр Петер Мадьярдың билеуші «Тиса» партиясының бастамасымен парламент қабылдаған Конституцияға енгізілген түзетуге қол қойды. Бұл өзгеріс мемлекет басшысын қызметінен босатуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды DW.

Мажарстандағы парламенттік сайлауда халықтың жоғары белсенділігі байқалды
Фото: Pixabay

Президент Facebook желісінде жариялаған бейнеүндеуінде бұл мәселеге қатысты барлық құқықтық мүмкіндіктерді мұқият саралап, ар-ожданына сүйене отырып, Конституцияда көзделген міндетін орындау туралы шешім қабылдағанын айтты.

Сонымен қатар Тамаш Шуйок парламенттің шешімімен келіспейтінін білдірді. Оның пікірінше, бұл түзету саяси билікті асыра пайдаланудың ұятты тарихи мысалдарының біріне айналуы мүмкін. Сондай-ақ ол мұндай өзгерістен кейін президент институты елдегі тепе-теңдік пен тежемелік рөлінен айырылатынын мәлімдеді.

Сөзінің соңында Шуйок қандай жағдай болса да адамгершілік пен ақиқатқа адал болуға шақырып, ел азаматтарын бірлікті сақтауға үндеді.

Конституцияға енгізілген даулы түзету

13 шілдеде Мажарстан парламенті президентті қызметінен босатуға мүмкіндік беретін Конституцияға түзетуді мақұлдады. Петер Мадьяр ұсынған бастаманы 199 депутаттың 139-ы қолдаса, алтауы қарсы дауыс берді. Бұрынғы премьер-министр Виктор Орбанның «Фидес» партиясының депутаттары дауыс беруге қатысқан жоқ.

Мажарстан заңнамасына сәйкес, президентті қарапайым парламенттік дауыс беру арқылы қызметінен босату мүмкін емес. Ол үшін Конституцияға өзгеріс енгізу қажет. Мұны парламентте үштен екі көпшілікке ие «Тиса» партиясы жүзеге асырды.

Алайда құқық қорғаушылар бұл шешімнің қауіпті құқықтық тәжірибеге айналуы мүмкін екенін айтып отыр. Amnesty International ұйымы Тамаш Шуйоктың заң талаптарына сай әділ рәсімге құқығы бар екенін мәлімдеді. Ал Human Rights Watch мұндай әрекеттерді «Фидес» билігі кезеңіндегі саяси тәжірибені еске салатын қадам деп бағалады.

Өз кезегінде премьер-министр Петер Мадьяр халықтың демократиялық таңдауын елемеуге болмайтынын айтып, Шуйокқа деген сенімнің едәуір төмендегенін жеткізді. Венгриядағы 21 Research Center орталығының мамыр айында жүргізген сауалнамасына сәйкес, сайлаушылардың 67 пайызы президенттің қызметтен кетуін қолдайды.

Айта кетейік, сәуір айында өткен сайлаудағы жеңісінен кейін Мажарстанның жаңа премьер-министрі Петер Мадьяр мемлекеттік шығындарды түбегейлі қысқартуға кірісті.