Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мәжіліс депутаттары Қазақстан жастар ұйымдарының белсенділерімен қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілісте Палата депутаттары Мейрам Бегентаев, Айгүл Соловьева және Алмас Тортаев «Жас көшбасшылар үшін Парламент моделі» жобасы аясында Қазақстан жастар ұйымдарының белсенділерімен және жастар ақпараттық қызметі өкілдерімен кездесті.

Мәжіліс депутаттары Қазақстан жастар ұйымдарының белсенділерімен қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжіліс Аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.

Жастар алдында сөз алған М. Бегентаев «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның қабылдануы айтулы жетістіктің бірі екенін алға тарта келіп, аталған заң жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталғанын, онда көрсетілген барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін алдағы уақытта да бірлесе еңбек ету керектігін атап өтті. Одан әрі Құжаттың негізгі мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. А.Тортаевтың атап өткеніндей, қос тараптың алдында тұрған ендігі маңызды қадам - осы Заңда айтылғандардың толықтай жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Өйткені, құжатта жастардың өзін-өзі басқаруына, мемлекеттік жастар саясаты субъектілерінің жұмыс істеуіне құқықтық мүмкіндіктер беруге, жастармен тиімді жұмыс істеудің тетіктерін қалыптастыруға, жастардың құқықтарын кеңейтуге айрықша назар аударылып отыр.

Өз кезегінде Айгүл Соловьева Қазақстанның қарқынды дамуы жолында жалынды жастардың рөлі өте зор екенін баса айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген 5 институционалды реформаны жүзеге асырудың 100 қадамы жастарды жарқын болашаққа жетелейді. Парламентте жүзеге асырыла бастаған 100 қадам міндеттерінің ойдағыдай орындалуына жас буын өкілдері де белсене араласуға тиіс.

Екі сағатқа жуық созылған кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарға тұщымды жауаптар алып, халық қалаулыларына мағыналы, жылы жүздесу үшін өз ризашылықтарын білдірді.

Кездесу соңында жас буын өкілдері мәжілісмендермен бірге естелік суретке түсіп, Парламент ғимаратын аралады.