Мәжіліс депутаттары Қорқыт ата университетінде Жолдауды түсіндіру мақсатында кездесу өткізді
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының негізгі бағыттарын жұртшылыққа түсіндіру мақсатында Парламент депутаттарының аймақтарға сапары жалғасуда.
Осы мақсатпен Мәжіліс депутаттары Құттықожа Ыдырысов, Гүлнәр Сейітмағанбетова, Гүлмира Исімбаева Қызылорда облысында болып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде кездесу өткізді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Жүздесу барысында депутаттар алдымен университеттің «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» атты оқу-көрме залы мен «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залын тамашалады. Одан әрі Студенттер сарайында өткен дөңгелек үстелде бас қосып, жұртшылықпен жүздесті. Жиында алдымен сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Құттықожа Ыдырысов депутаттардың аймақтарды аралаудағы негізгі мақсатына тоқталып, Жолдау бағыттарына кеңінен тоқталып өтті. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясының тарихи маңыздылығына мән берген депутат Гүлмира Исімбаева әлеуметтік саладағы жаңғыруларды тілге тиек етті. Мәселен, «Балапан» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқтала келе, 12 жылдық білім беруге көшу, ЖОО-дағы білім сапасының деңгейін арттыруға қатысты Елбасының жүктеген міндеттерін егжей-тегжейлі баяндады.
Сондай-ақ, шара барысында университеттің студенттері мен профессор-оқытушыларының тарапынан сұрақтар қойылып, білім, ғылым саласы бойынша бірнеше ұсыныстар айтылды. Жиында модераторлық жасаған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Абайбек Жүнісов іргелі білім ордасының институционалды аккредиттеуден сәтті өткенін айтып, алдағы 2-3 жылдың жоспары бойынша халықаралық аккредиттеуден өтуге дайындық жүргізіліп жатқандығын жеткізді.