Мәжіліс депутаттары өз сайлаушыларымен жүздесті
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Парламент Мәжілісінің депутаттары Сейітсұлтан Әйімбетов пен Жақып Асанов Жаңақорған ауданы тұрғындарымен жүздесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеңес ауылындағы №239 мектепте өткен кездесуде парламентшілер Елбасының биылғы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді. Ауыл тұрғындары жаңа мектептің салынғанына ризашылықтарын білдіре келе, ауызсу мәселесінің түйінді түйткілдерін депутаттар алдына жайып салды. Тұрғындар «Талап» су торабына республикалық бюджеттен қаржы бөлу туралы ұсыныстарын жеткізді.
Халық қалаулыларымен кездесу Келінтөбе ауылында жалғасты. Ауылдағы 450 орынға лайықталған мектепте бүгінде 900-ге жуық бала оқиды. Келешекте мұнда жаңа мектеп салу кезек күттірмейтін мәселенің бірі екені мәлім жайт.
Мұнан кейін Парламент депутаттары аудан орталығындағы емхана ғимаратында жергілікті тұрғындармен пікірлесті. Онда денсаулық сақтаудың жаңа жүйесі туралы жан-жақты әңгіме қозғалып, жаңа жүйенің халыққа әсері жайында айтылды. Депутаттар денсаулық сақтау саласындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударды. Төменарық, Сунақ ата ауылдарындағы кездесулерде де әлеуметтік нысандардың ескілігі мен талапқа сай еместігі айтылды.
Кеше Парламент депутаттары Шиелі ауданында болды.