Мәжіліс депутаты А.Бегенеев: Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың жаңа рельсінде қалай жұмыс істеуіміз қажет екенін айқындап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауы және «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Андрей Бегенеев өз ойларымен бөлісті және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес қабылданған жаңа Еңбек кодексі туралы айтып берді.

Мәжіліс депутаты А.Бегенеев: Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың жаңа рельсінде қалай жұмыс істеуіміз қажет екенін айқындап берді

- Елімізді дамыту жолында және қоғамда оң үрдістерді қалыптастыру үшін қандай мәселеге баса назар аудауымыз қажет деп есептейсіз?

- Қазақстан Президенті әрқашанда келешекті болжай біліп, соған орай қарышты қадам жасайды. Айталық, Елбасымыз әрбір Жолдауын әлемдегі болып жатқан және алдағы уақытта болуы ықтимал оқиғаларды ескере отырып және еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы мүмкіндіктерін зерделей келе, жасайтынына куә болып келеміз. Өйткені, қалай десек те, біз сыртқы экономикалық жағдайлармен тығыз байланыстамыз. Оның ықпалынан қашып құтыла алмаймыз. Сонымен қатар, бүгінгі таңда мұхитқа ашық шыға алатын порттары бар елдердің де рөлі бар. Егер біз халықаралық деңгейдегі саудаға шығатын болсақ, бірқатар елдер арқылы өтуімізге тура келеді. Транзит қашанда экономикаға әсер етеді. Әсіресе, қазіргідей жаһандық дағдарыс кезінде әрбір қадамның тиімді не тиімде емес екенін есепке алатын кез келді. Оның үстіне Дүниежүзілік Сауда ұйымына мүше болдық. Мемлекет басшысы «100 нақты қадамда» да, 30 қараша күні жария еткен Жолдауында да осы мәселелерді ескергенін көріп отырмыз. Ал Жаңа жылда шыққан «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында Елбасы мемлекетіміздің алға басу жолдарын, жүргізілетін реформаларды рет-ретімен көрсетті.

Біздің Президентіміз тәуелсіздігімізді алған кезден бастап біздің өз жолымыз бар екенін айтты. Міне, ширек ғасырға жуық уақыт ішінде біз өзіміз таңдаған жолмен жүріп қана қоймай, елдік табыстарға жетіп келеміз.

Әлемдік экономикада айрықша рөл ойнап отырған мемлекеттер бар, әрине олармен бәсекеге түсу қиын, алайда, бәсекелесуге болады және алдағы уақытта бәсекеге түсуіміз қажет. Сондықтан да біз қазір экономиканың жаңа рельсіне түсуіміз керек. Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың жаңа рельсінде қалай жұмыс істеуіміз қажет екенін айқындап берді.

Өз Жолдауында Президент еңбек адамының мәртебесін көтеру міндетін алға қойды. Еңбек адамы - қоғамдағы ең басты тұлға, ол - мемлекеттің, ұлттың, экономиканың мақтанышы. Барлық қадамымыз еңбек адамынан басталады. Осы орайда, елімізде кәсіптік-техникалық саланың мамандарын даярлауға ерекше мән берілуде. Ол экономиканы дамытуға және халықты қолдауға ықпал етеді. Білікті мамандар экономиканың негізі екенін Президент те үнемі айтып келеді.

Адамдардың масылдық пиғылдан арылуы қажеттігі туралы қай кезде де айтылды, бүгін де ол мәселе көтеріліп жүр. Тіпті қазір әлемде экономикасы қуатты мемлекеттерден тек қана көмек сұрауға, дотация алуға дағыдалып кеткен елдер мен халықтар да бар.

Өмірде әр адам масылдықтың кері кетуге алып баратын жол екенін ұғынуы тиіс. Сол сияқты қазір біздің нарықта «сатып алу мен сату» тәсілі әлі жалғасып келеді. Көршілес жатқан Ресей, Қытай, сондай-ақ Беларусь, Үндістан, Түркия сияқты елдерден тауарлар алып келіп, үстінен пайда тауып жүргендер аз емес. Біреу үлкен партиямен әкеледі, енді бірі аз-аздан тасып жүр. Бұл да дұрыс үрдіс емес.

Жібек жолы қашанда болған, сауда-саттық та жүре беретіні анық. Қазақстан Еуропа мен Азияны қосып тұрған транзит болғандықтан, көлік қатынасын дамытудың маңызы арта түседі. Дегенмен шетелден алып келген дайын тауарды сатумен шектелмеуіміз керек. Қазір қай қалаға барсаңыз да, супермаркеттер мен базарлар көп. Қалаларымызды үлкен базарға айналдыруға болмайды. Арзан базарларды сала бергеннен, кейбір қалаларда тиімді кәсіпорындар ашқанымыз дұрыс шығар?

Қазір жаһандық дағдарыс әлемді толғандырып отыр. Сондықтан әрбір адам өзінің еңбек етуге, табыс табуға деген көзқарасын өзгертуі қажет. «Менің қолымнан не келеді?» деген сұраққа жауап іздеп көргеніміз абзал. Нақты бір іс жасай білсең, соны дамытуға көңіл бөлуің керек. Айталық, Қазақстанда ауыл және мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол. Ата кәсіпті дамытып, бау-бақша салып, дәнді-дақылдар егіп немесе мал өсіріп, ел игілігін арттыруға болады. Әрине қиындықтар да бар. Агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін «анау жетіспейді, несие бермейді», «бюрократизм жолды бөгейді» дейтіндер де бар. Бірақ үнемі «бәрі де жаман» деп айтуға болмайды. Әр адам «Елім үшін не істедім? Бюрократизмді жою үшін қандай қадам жасадым?» деп өзіне өзі сұрақ қоюы қажет.

Кез келген адам тезірек көп ақша тауып, байып кетсем екен деп қиялдайды. Жалпы, өмірде бірден көп ақша таба алмайсыз. Ал таба қалсаң, ол сыбайлас жемқорлықпен не қылмыстық жолмен келген ақша болуы ықтимал. Ақша жинау үшін белгілі бір кезеңнен, өмірдің қиындықтарынан өтуің қажет. Мысалы, кәсіпкерлер әуелі өз өндірісін аяғынан тік тұрғызу, қалыптасу, өнім өндіру процесін жетілдіру, өнімді сату жүйесін жолға қою кезеңдерінен өтеді. Мысалы, бір малды сату үшін оны бірнеше жыл өсіруіңе тура келеді.

Қазір уақыттан ұтылмауың керек. «Азық-түлік қымбаттай бастады. Біреу маған көмек береді» деп отыратын заман емес. Әр адам өзі еңбек етуі керек. Қашанда адамның басына қиындық туғанда, оның «Тірі қалу үшін күресу керек!» деген түйсігі оянады.

- Осы орайда, Мәжілістің соңғы сессиясында қабылданған заңнамалық актілердің ішінде Еңбек кодексінің рөлі айрықша. Сіз қандай ой қосар едіңіз?

- Еңбек кодексіне байланысты әртүрлі пікірлер айтылды. Соның ішінде жұмыс берушінің мүддесі де ескерілді. Біз қазір нарық экономикасы заманында өмір сүріп жатырмыз. Соған орай, көзқарас та өзгеруде. Жазушы Джон Маккензи «Бай болу үшін қажеттілікті тап та, оны қанағаттандыра біл» деген екен. Басқа ештеңенің керегі жоқ. Біз бүгінде қандай қажеттіліктің бар екенін ойланғанмыз жөн. Асығыстықпен көптеген кәсіпорындар ашуымыз мүмкін, бірақ олардың өнімі сұранысқа ие болмаса, қайтеміз? Ал енді жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, өнімділігі жоғары бір кәсіпорынды ашсақ, ол оң нәтиже беруі мүмкін. Қазір «Қалай өмір сүрсең, өзің біл» деп ешкімді де тағдыр тәлкегіне лақтырып тастамайды. Мемлекет ешқашанда мұндай қадамға бармайды. Дегенмен ол Сізге ойлануға мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа Еңбек кодексінде жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы жеке қарым-қатынас заң жолымен ретке қойылған. Сіз жұмыс беруші болсаңыз, мен жұмыскермін, алдыңызға келгенімде, мен өзімнің қандай қабілетім бар екенін көрсетемін. Сіз менің біліктілігім қаншалықты екенін бағалайсыз. Келісімшарт әрбір жұмыскермен жеке жасалады. Өйткені әр адамның талабы мен қабілеті әрқалай, соған орай табыс табуы керек. Мен бір саланы білсем, басқа салаға басымды сұқпаймын, өйткені оны білмеймін.

Егер бір адам жұмысқа тамыр-таныстықпен не басқа бір жолмен алынған болса, жұмыс орнына келіп, таңнан кешке дейін отырып, еңбек уақытына қарай есептелген жалақысын алып жүрумен шектелсе, ол бір рахат өмір сияқты. Жұмысқа келді, кешіккен жоқ және ерте кетіп қалмайды, еңбек тәртібін де, техникалық қауіпсіздікті де бұзған жоқ, сол үшін ай сайын еңбекақы алады. Ал ол адамнан қоғамға, мекемеге келетін пайда бар ма? Еңбекақы төлегенде оған қайтарымы қандай? Сондықтан жұмыс беруші әрбір жұмыскерді нәтижелі еңбегіне орай бағалауы тиіс. Міне, содан келіп, кез келген экономикада, кел келген салада оң көрсеткіш болады. Өкінішке орай масылдық пиғылдан арыла алмай жүргендер бар. Баяғыда әскерде «Бір күн өтті, үйге оралатын уақыт жақындай түсті» деген ұғым болатын.

Мамандар сұранысқа ие болуы тиіс. Әйтпесе, өндіріс орнына келіп, «Менің дипломым бар, мен әдемімін, жақсы адаммын, мені алуға тиістісіз» дегендей тәсілдер енді жүрмейді.

Бүгінгі таңда көрсетілетін қызметтер саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жөнінде Президент те ұдайы айтып жүр. Өйткені табиғат байлықтарына иек артып отыра берсек не сауда-саттықпен күн көреміз десек, алысқа бара алмаймыз. Бүгінде әлемдік жүйе өнім өндіруде бір-бірімен жарысқа түскендей қарқын алып кеткен. Сол себепті біз бәсекеге қабілетті өнімнің бір түрін шығарайық. Қазақстанда азық-түлік өнімдері ең негізгі тауар екені сөзсіз. Ол мейлі бау-бақша өнімі бола ма, астық не мал өнімдері ме, Қазақстанның бренді болуға тиіс. Бізде автокөліктер құрастырылып жатыр. Алайда, америкалық, жапониялық, немістердің автоиндустриясымен жарысамыз деп автомобилдің жаңа түрін ойлап шығарамын деу ақылға сыймайтын іс әрине.

Елбасы Жолдауында және аталған мақаласында жекешелендірудің келесі толқыны жүргізілетіні айтылды. Соған орай шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылады. Осы тұста, әрбір адам әлеуметтік не мәртебесіне қарамастан, көп мәселенің өзіне қатысты болатынын ойлануы керек.

- «100 нақты қадамның» елді өркендетудегі рөлі туралы айтып өтсеңіз?

- Елбасы жүз, яғни, маңызды әрбір сала бойынша алға қадам жасауымыз керек екенін ұғындырып отыр. Ұлт жоспарында нақты жүз қадамның бәрі айқындалды. Жаһандық дағдарыстың ықпалына қарсы тұрып, ел болып алға қадам жасасақ, өзгелерден бір төбе биік тұрамыз.

Парламенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес заңдарды жетілдіргені өмірдің заманауи талаптарына тың серпін беретін қозғалтқыш күш деп есептеймін. Өйткені әлемдік экономика өз шарттарын алға қойып тұрған шақта, алаңсыз отыра беру не таптауырын болған жолмен жүре беру құлдыруға алып келуі мүмкін. Қалай десек те, елдің орнықты дамуы сыртқы факторлардың ықпалына байланысты. Уақыт, заман талабы өзгеріп жатыр, сондықтан заңдарға түзетулер енгізіп отыру қажет. Заңдарымыз барлық сала бойынша жетілдірілуі тиіс.

Әлемде не болып жатқанына назар аударыңызшы? Айталық, Украина, Сирия және басқа бірқатар елдердің жағдайы қиын болып тұр. Жер жаһаннан тыныштық кетіп тұрған заман екені әрбір азаматты ойландыруға тиіс. Қазір әлем оқ дәрі толтырылған бөшкенің үстінде отырғандай. Терроризм мен діни экстремизм ылаңы әлемді дүрліктіріп отыр. Қауіп-қатердің қай жақтан келетінін білмейсің. Осындай жағдайда тұрақтылықты сақтаудың маңызы одан сайын арта түседі.

«100 нақты қадамның» маңызы неде десек, ең бастысы, біз не істеуіміз керек екенін анықтап алдық. Алдағы уақытта қаржы дағдарысына байланысты қиындықтар болуы мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймыз. Президент енді жайбарақат өмір сүруге болмайтынын ескертіп отыр. Бұған дейін мұнайдан, газдан, басқа да табиғи байлықтардың арқасында табысымыз артып жатыр деп келсек, енді ондай даңғазалыққа салынудың реті жоқ сияқты. Яғни, бәрімізге де диванда жантайып жатып өмір сүретін уақыт келмеске кетті. Еңбек еткен адам ғана нақты табыс табады. Еңбек адамы құрметке бөленетін кез келді.

- Әңгімеңізге рахмет.