Мәжіліс депутаты, Орал қаласының экс-әкімі С. Оразов ТМД ІҚА халықаралық ассамблеясының медалімен марапатталды
ОРАЛ. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Орал қаласының әкімі Болат Шәкімов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самиғолла Оразовқа Ресей муниципиалды академиясының «Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдірудегі үлесі үшін» медалін табыс етті.
Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында өңірге келіп, тұрғындармен кездесулер өткізген халық қалаулылары Орал қаласы басшылығымен, қалалық мәслихат депутаттарымен жүздесіп, пікірлесуді де ұмытқан жоқ.
Кездесуде қала әкімі Болат Шәкімов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының барысы және Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда атқарылып жатқан жұмыстар туралы мағлұмат беріп, Астанадан келген Парламент депутаттарына еңбек ұжымдарымен кездесіп, Жолдауды насихаттауда және қаланың кейбір проблемалық мәселелерін шешуге қолұшын бергендері үшін алғыс айтты.
С.Оразов Мәжіліс депутаты болып сайланғанға дейін Орал қаласының әкімі қызметін атқарған еді. ТМД елдерінің ірі қалалары мен астаналары халықаралық ассамблеясының бұл марапаты өткен жылдың 19-20 желтоқсан аралығында Мәскеуде өткен «ХХI: қала және балалар» атты IV халықаралық мегаполис форумында берілген болатын.
Медаль иесін әріптестері және қала әкімдігінің қызметкерлері құттықтап, депутаттық қызметіне табыс тіледі.