Мәжіліс: Экстремизм мен терроризмнің қайсысы қауіптірек?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экстремизм мен терроризмнің қайсысы қауіптірек? Бүгін Парламент Мәжілісінде «Тәуекелді Бағалау Тобы» сараптау ұйымының директоры Досым Сатпаев осы мәселені көтерді. Еске салайық, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм және терроризм мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылған болатын.

Мәжіліс: Экстремизм мен терроризмнің қайсысы қауіптірек?

«Заң жобасының басты міндеті - әлеуметтік тұрақтылыққа зиянын тигізбей отырып, экстремизм және терорризммен күрестің тиімділігін арттыру. Егер заң жобасында осыны бетке алып, қудалаушылық нормалары күшейтілсе, оған да қоғамның кері көзқарасы тууы мүмкін. Қарапайым азаматтарға, бизнеске, кәсіпкерлерге қысым болып жатса, ол құпталмайды. Сонымен қатар, радикализмнің негізінде де осындай кері құбылыстар жатыр, соның ішінде сыбайлас жемқорлық та осыған жол ашады», - дейді саясаттанушы Досым Сатпаев.

Оның пайымынша, шенеуніктер қолында бақылау жасайтын тетіктер көбірек болған сайын бұл жемқорлыққа белгілі бір әсерін береді, ал оның өзі түптеп келгенде экстремистік және террористік әрекеттердің өршуіне жол беруі ықтимал.

«Заң жобасында жіберілген қателіктердің бірі - жазаны күшейтуге қатысты.  Терминология тұрғысынан экстремизм мен терроризм заң жобасында бір деңгейде қарастырылады, дегенмен бұлардың біршама айырмашылығы бар. Мәселен, 182-бапта экстремистік топтың қызметіне қатысты тұлға 12 жылға сотталып, мүлкі тәркіленеді. Ал 255-бапта, терроризм актісіне қатысы бар адамға немесе топқа мүлкін тәркілей отырып, 6-дан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Яғни, терроризм актісі үшін экстремистік қызметке қатысқандарға қарағанда азырақ белгіленіпті. Экстремизмнің өзі зорлық-зомбылық әрекеттерін қарастырмауы мүмкін, ал оған адамдар өліміне, экономикалық залалдарға соқтыратын террористік актіге қарағанда қаталырақ жаза белгіленіп отыр. Бұл жағы түсініксіз», - деді Досым Сатпаев.

Өз кезегінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко бұндай пікірмен келіспейтінін жеткізді. «Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының ұсынымдарын қарауға кеңес берер едім. Ұйым бұл ұсынымдарды экстремизмнің қоғамдағы қаупіне қатысты Югославиядағы оқиғадан кейін Қазақстанға қатысты да жасаған болатын. Яғни, бұрынғы Югославиядағы оқиғаны еске түсірсеңіз, осы екі мәселені салыстыра алатын едіңіз. Экстремистік әрекеттердің терроризм немесе терористік актіден ешқандай да кем қауіпті емес», - деді А. Кравченко.