Мәжіліс Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты мақұлдады
АНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Құжат енді Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.
«Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартқа ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Римге ресми сапары барысында 2009 жылғы 5 қарашада қол қойылған болатын. Құжатқа Қазақстан тарапы «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бастамашылық жасады және шарт алдыңғы қатарлы еуропалық мемлекеттермен, Еуроодақпен ынтымақтастық деңгейіне шығудың негізгі мақсаттарына жауап береді. Бұл ретте Италия шын мәнінде Қазақстанның Еуропадағы басты саяси һәм экономикалық әріптесі болып отырған мемлекет екендігін баса айтуға болады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов.
Оның айтуынша, елдер арасындағы ынтымақтастық байланысының ерекше сипаты ҚР Президенті Н. Назарбаев пен Италия Министрлер кабинетінің төрағасы С. Берлусконидің жоғары деңгейінде де қалыптасқан. «Біз Италияның Қазақстан тарапынан жасалған халықаралық бастамаларды қуатты қолдау фактісін жоғары бағалаймыз. Италия бірлескен экономикалық жобалар бойынша да инвестицияны алға жылжытып, технологиялық тәжірибе беруде ерекше рөл атқарады. Біздің елімізбен мәдениет, білім беру саласында жіті байланыс орнатып отыр. Қазақстан мен Италияның халықаралық аренадағы ұстанымдары да көбінесе ұқсас. Сонымен қатар, Италия Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы геосаяси көпір ретінде қарастырады әрі трансатлантикалық әріптестіктің белсенді қатысушысы болып табылады. Сондай-ақ, біздің еліміздің сыртқы саяси басымдықтарымызды белсенді қолдап келеді»,- деді К. Жигалов. Еске сала кететін тағы бір мәселе, Рим Астананың ЕҚЫҰ төрағалығына ресми түрде бастапқыда-ақ қолдау жасаған. Астана саммиті кезінде де осы ел ең белсенді қатысушы болды.