Мәжіліс: Кеден одағының тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесі туралы хаттама заңмен негізделмек
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2008 жылы желтоқсан айында Мәскеу қаласында өткен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесінің отырысы шеңберінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың кеден одағының құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық құжаттарға қол қойылды, олардың ішінде Кеден одағының тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесі туралы хаттама бар.
Хаттама 2008 жылғы қаңтардың 25-індегі Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімге негізделген және 2007 жылғы қазанның 6-сындағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға, олардан шығуға және оларға қосылуға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену тәртібі туралы хаттамаға сәйкес күшіне енеді.
Хаттаманың 1-бабында дамушы және неғұрлым аз дамыған елдерде шығарылатын және олардан әкелінетін тауарларды Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумақтарына немесе бірыңғай кедендік аумаққа әкелу кезінде тарифтік преференциялар беру көзделген.
Сонымен бірге Хаттаманың 2-бабына сәйкес кеден одағының тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесін пайдаланушы елдер тізбелерін және дамушы елдерден және неғұрлым аз дамыған елдерден шығарылатын, Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағына әкелу кезінде тарифтік преференциялар берілетін тауарлардың тізбесін Комиссия айқындайды.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 331-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес мұндай мемлекеттер мен тауарлардың тізбелерін Қазақстан Үкіметі айқындайды. Кедендік жеңілдіктерді Қазақстан Республикасының Үкіметі береді.
Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қорытынды әзірлейтін болады.