Мәжіліс комитетінің төрағасы Н. Рүстемов Түркияның елшісі Атилла Гүнайды қабылдады
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұрбах Рүстемов Қазақстандағы Түркияның Төтенше және Өкілетті елшісі Атилла Гүнайды қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жүздесу барысында тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы бүгінгі қатынастардың жайын сөз етті. Сонымен бірге, Комитет төрағасы Н. Рүстемов, екі мемлекеттің парламенттік, үкіметаралық деңгейдегі байланыстарының жақсы дамып отырғанын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың да қарқыны артып келе жатқандығын айтты.
«Әсіресе, түркиялық әріптестерімізбен заң шығармашылығы саласындағы ынтымақтастығымыз жақсы жолға қойылған. Ағымдағы жылдың мамыр айында елордада ҚР Парламентінің ұйымдастыруымен халықаралық конференция өтеді деп жоспарланып отыр. Осы кездесуді пайдалана отырып, мен сол халықаралық басқосуға түркиялық делегацияны қатысуға шақырамын», деді Н. Рүстемов.
Өз кезегінде мәртебелі елші қазақстан-түрік қатынастарының жақсы дамып отырғанын және ол алдағы уақытта да жетіле беруі керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, әңгіме барысында шетелдіктердің Қазақстандағы жылжымайтын мүлікті иеленуге қатысты заңнама нормалары талқыланды. Әсіресе, елші тарапынан түркиялық азаматтардың Қазақстандағы жерге, мүлікке иелік етуіне байланысты құқықтық жағдайға қызығушылық білдірілді.